
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытында қолға алынған нақты жобалардың бірі – балық шаруашылығын дамыту. Бұл сала аймақ экономикасын әртараптандырумен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға жол ашып отыр. Осындай ілкімді бастаманың бірі – Төлеби ауданында орналасқан «Fish House» ЖШС-нің балық өсіру кешені. Жақында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов кәсіпорын жұмысы барысымен арнайы танысып қайтты.
Киелітас ауылдық округінде орналасқан бұл кешен бүгінде облыс бойынша балық шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып отыр. Кәсіпкер Нұртас Шағыров басқарып отырған шаруашылықта сазан, форель және бекіре тұқымдас балықтар өсіріледі. Жобаның жалпы инвестициялық құны — 400 млн теңге. Бұл қаражаттың басым бөлігі кәсіпкердің жеке қаржысы есебінен тартылған, бұл – бизнестің белсенділігін және өңірлік экономиканың дамуына қосқан үлесін айқын көрсетеді.
Бүгінгі таңда шаруашылықта 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель және 3 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық арнайы жасалған бассейндерге жіберілген. Бұл — бір жағынан өнімділікке, екінші жағынан экспорттық әлеуетке бағытталған ауқымды жұмыс. Сонымен қатар, бұл кешен маусымдық кезеңде 50-ге жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Жақын арада 30 азаматты тұрақты жұмысқа тарту жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкердің айтуынша, форель балығы салқын кезеңде арнайы жабық бассейндерде өсіріліп, ал күзде табиғи ортаға – ашық су қоймаларына ауыстырылады. Бұл тәсіл – өнім сапасын жақсартуға, экологиялық талаптарға сай өнім алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жобаның туристік әлеуеті де бар. Алдағы уақытта шаруашылық аумағында этно стильде дәмхана салынып, келушілерге балықтың бірнеше түрінен тағамдар ұсынылатын болады. Бұл бастама – өңірге келетін туристердің қызығушылығын арттырып, агротуризм саласын дамытуға септігін тигізеді.
Одан бөлек, кәсіпкер өз қаражаты есебінен жол бойына заманауи балалар ойын алаңын салып, оны жергілікті халыққа пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Мұндай әлеуметтік жобалар кәсіпкерліктің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі деуге болады. Қазірдің өзінде тоған айналасында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ерекше жеміс ағаштары отырғызылып, демалыс аумағына айналдыру жұмыстары қолға алынған.
Жалпы, мұндай жобалар Түркістан облысының экономикасына жаңа серпін беріп, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын қатар дамытудың тиімді тетігі болып отыр. Балық шаруашылығы – ауылдағы табыс көзі, ал өңделген өнімдер – ішкі және сыртқы нарықтағы сұранысты қамтамасыз ететін әлеуетті бағыт. Бұл бастама облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Түркістан өңірін экологиялық таза әрі сапалы өніммен қамтуға ықпал етпек.
Пікір қалдыру