
Түркістан қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында маңызды оқу-жаттығу шарасы ұйымдастырылды. Бұл шара Түркістан қалалық балалар ауруханасында өткізілді. Іс-шараға Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы және аурухана ұжымы белсене қатысты.
Оқу-жаттығу “Жойқын жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштер мен құралдарын дайындау” тақырыбында өтті. Бұл арнайы-тактикалық жаттығу аурухана басшысы А. Байсаловтың тікелей қолдауымен ұйымдастырылды.
Жаттығу барысында төтенше жағдай орын алған жағдайда медициналық персоналдың, диспетчерлік қызметтің, қауіпсіздік тобының және әкімшілік қызметкерлердің өзара үйлесімді іс-қимылдары пысықталды. Сонымен қатар, жер сілкінісі болған сәтте адамдарды эвакуациялау, жарақат алғандарға алғашқы көмек көрсету және аурухана бөлімшелерін ұйымдасқан түрде көшіру тәртібі нақты түрде көрсетілді.
Мұндай оқу-жаттығулардың басты мақсаты – төтенше жағдай туындаған сәтте әрекет етудің нақты алгоритмін қалыптастыру, қызметкерлердің әрекет ету дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ балалар мен медицина қызметкерлерінің өмірін қорғау.
Айта кету керек, осындай оқу-жаттығу шаралары Түркістан қалалық балалар ауруханасында жылына кемінде екі рет өткізіледі. Бұл — мекеменің қауіпсіздік талаптарына сәйкес, азаматтық қорғау жүйесінің жоспарлы іс-шараларының бір бөлігі. Оқу-жаттығулар маусымдық ерекшеліктерге байланысты әртүрлі сценарийлер бойынша ұйымдастырылады.
Шара барысында қатысушыларға арнайы жабдықтар мен қорғаныс құралдарының қолданылу тәртібі таныстырылып, эвакуациялық жолдар көрсетілді. Түркістан қалалық балалар ауруханасының қызметкерлері өз міндеттерін кәсіби деңгейде орындап, оқу-жаттығуды сәтті аяқтады.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мұндай оқу-жаттығулардың алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізілетінін жеткізді. Түркістан қалалық балалар ауруханасы тарапынан да балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасын таба бермек.
Пікір қалдыру