
Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің сарбаздары Ұлттық домбыра күніне орай игі дәстүрге айналған челленджге белсене қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлестерін қосты. Жас жауынгерлер бұл шара арқылы қазақ халқының рухани мұрасын ұлықтап, мәдениет пен өнердің әскери ортада да өз орнын табатынын айқын көрсетті.
Челлендж аясында сарбаздар дәстүрлі қазақ күйлерін орындап, домбыра сазымен елге рух, халыққа күш сыйлаған ұлы мұраны насихаттады. Бұл тек өнер көрсету ғана емес, сонымен қатар ұлттық болмысты сақтау мен жастардың рухани тәрбиесін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Шара барысында әр сарбаз домбыра шертудің қыр-сырын меңгеріп, өз шеберліктерін паш етті.
Қазақтың қара домбырасы – ел тарихының, ұлт рухының символы. Оның қоңыр үні ата-бабамыздың арманын, ерлігін, махаббатын, тағдырын баяндап тұрғандай әсер береді. Сол себепті де Ұлттық домбыра күні – халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтайтын ерекше күндердің бірі. Осы күні сарбаздардың өнер көрсетуі – тек дәстүрге тағзым емес, жас буынға берілген тәрбиелік маңызы зор үлгі.
6506 әскери бөлімінің командирлері мен жеке құрамының бастамасымен өткізілген бұл шара қоғамда Ұлттық ұлан қызметкерлерінің тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші емес, ұлттық сана мен дәстүрдің жаршысы ретіндегі беделін арттырады. Олар ел алдында тек әскери тәртіппен ғана емес, мәдени және рухани мұраларға деген құрметімен де үлгі бола біледі.
Айта кету керек, мұндай рухани шаралар сарбаздардың дүниетанымын кеңейтіп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Домбыра шерту – тек өнер емес, бұл — тәрбие құралы, бұл — тарих пен ұрпақ сабақтастығын жалғайтын алтын көпір.
Жауынгерлердің өнерге деген ықыласы мен ықпалы арқылы бүгінде әскери бөлімде патриоттық рухты күшейту, ұлттық болмыс пен дәстүрді жас буынға жеткізу бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, рухани жаңғырудың жарқын үлгісіне айналатыны анық.
Пікір қалдыру