
Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімі — тек жауынгерлік дайындыққа мән беретін бөлім ғана емес, сонымен қатар спорт арқылы рухты шыңдап, ел абыройын асқақтататын үздік сарбаздарды даярлайтын орда. Бұл бөлімде бүгінде республикалық және халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген бірқатар талантты спортшылар әскери қызметін абыроймен атқаруда.
Олардың әрқайсысы спорттағы жетістіктерімен көзге түсіп қана қоймай, әскери өмірде де белсенділік танытып, өз қатарластарына үлгі бола білуде. Олар үшін спорт пен әскер қатар жүретін маңызды мектепке айналған. Міне, сол үздік сарбаздардың бірқатарына тоқталып өтсек:
Қатардағы жауынгер Мақсат Улимбек – каратэ спортынан Азия чемпионы атанған болашағынан үміт күттіретін спортшы. Ол 6506 әскери бөлімінің артиллериялық-зениттік дивизионы, зенит батареясының құрамында әскери борышын өтеп жүр. 19 жасында-ақ бірнеше халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген. Қазіргі уақытта каратэден спорт шеберлігіне үміткер.
– «13 жасымнан бастап спортқа бет бұрдым. Каратэ — менің болмысыма жақын спорт түрі. Әскер қатарына келгелі бері өзімнің әлсіз тұстарымды жетілдіріп, шеберлігімді шыңдай түстім. Алдағы уақытта бұл жолды одан әрі жалғастыруға ниеттімін», – дейді қатардағы Мақсат Улимбек.
Келесі бір мақтанышымыз — қатардағы Бауыржан Құрманбек. Ол грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы атанып, Түркия, Ресей және Қырғызстанда өткен халықаралық додаларда жеңіс тұғырынан көрінген. Боз кілемде шыңдалған бұл спортшының әскери қызметі де күрестегі тәртіп пен төзімділікке негізделген.
– «Күреске алғаш ағам ертіп апарған. Бастапқыда хобби ретінде айналыссам да, кейін бұл спорт менің өмірлік бағытыма айналды. Әскердегі өміріме де күресте жинаған тәжірибем зор көмегін тигізіп жатыр», – дейді ол.
Қатардағы Алмат Маликұлы – бокстан Қазақстан чемпионы, спорт шебері. Ол халықаралық жарыстарда да жеңіс тұғырынан түспей, елдің туын биікке көтеріп келеді. Боксқа келуіне бала күніндегі арманы мен әкесінің әсері үлкен рөл атқарған.
– «Кішкентайымнан қолғап киіп, жаттығуға қатыстым. Қазір оның жемісін көріп жүрмін. Әскери өмірде де рингтегі дағдыларым қажет болып жатыр — дәлдік, жылдам шешім қабылдау, төзімділік. Бокс мен үшін үлкен мектеп болды», – дейді Алмат.
Қатардағы Батырхан Емберген — жауынгерлік жекпе-жек және дзюдо спортынан бірнеше қалалық, облыстық жарыстардың жүлдегері. Ол Қазақстан біріншіліктерінде топ жарып, дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер атанған. Қазіргі уақытта ол әскери қызметін абыроймен атқарып, келешекте келісімшартпен Ұлттық ұланда қызмет етуді жоспарлап отыр.
– «Бала күнімнен спортпен айналыстым. Жарыстарға отбасы мүшелерім үнемі қолдау білдіріп келді. Қазір әскерде спорттың тәрбие мен тәртіп тұрғысынан қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсініп жатырмын. Келешекте осы жолды жалғастырып, әскери салада қалғым келеді», – дейді сарбаз.
Бұл төрт сарбаз — жүздеген жауынгердің арасынан ерекше қабілеттерімен көзге түсіп, тек физикалық даярлығымен ғана емес, моральдық-психологиялық орнықтылығымен де өзгелерге үлгі бола алған тұлғалар. Олардың табандылығы мен еңбекқорлығы, спортқа және Отан алдындағы борышқа деген жауапкершілігі ерекше құрметке лайық.
Айта кету керек, Қазақстанда жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісі – Спорт күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күн 2003 жылы ресми түрде бекітілген және содан бері спортшылар мен салауатты өмір салтын ұстанушылар үшін маңызды датаға айналды.
Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызметшілер тек елдің тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз етіп қана қоймай, түрлі спорттық ареналарда да ел намысын қорғап, көк байрағымызды биікте желбіретіп жүр. Спорт – сарбаз үшін тек жаттығу ғана емес, рух пен тәртіптің, төзім мен ерік-жігердің шыңдалу алаңы.
Спорт күні қарсаңында Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде арнайы іс-шаралар мен жарыстар ұйымдастырылып, үздік әскери-спортшылар марапатталады. Бұл дәстүр сарбаздарды ынталандырып қана қоймай, салауатты өмір салтына, ұлт денсаулығына қосылатын үлесті де арттыра түсетіні сөзсіз.
Пікір қалдыру