ҮЗДІК ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕР – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

Ұлттық рухты ұлықтап, өнер мен өнегені қатар алып жүрген азаматтар – қоғамның нағыз тірегі. Осындай тұлғалардың бірі, біздің мақтанышымыз – әскери қызметкер Мәлік Бекжан Әбдімәлікұлы. Ол Шымкент қаласындағы Концерттік-көрме орталығында өткен «Абай әлемі» атты республикалық байқауда топ жарып, «Үздік әскери қызметкер» номинациясында Бас жүлде иегері атанды!

Аталған байқау қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. Бұл – еліміздің рухани мұрасын дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени іс-шаралардың бірі. Биылғы сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 117 үміткер қатысты. Олардың арасынан іріктеліп шыққан 26 талантты жас екінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды.

 Байқауға Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан келген үміткерлер қатысып, Абай шығармаларын жүрекпен сезініп, көрерменге терең тебіреніспен жеткізді. Қатысушылар поэзия мен прозаны көркем оқу арқылы ақынның даналығы мен адамгершілік қағидаттарын жаңғыртты.

Осындай жоғары деңгейлі байқауда жеңіске жеткен әскери қызметкер – Мәлік Бекжан Әбдімәлікұлы – тек өз шеберлігімен емес, рухани дүниесінің байлығымен де көзге түсті. Оның Абай шығармашылығына деген терең түсінігі, қазақ тілінің құндылығын көркем жеткізуі қазылар алқасының жоғары бағасын алды.

Көпшілік үшін әскери қызметкер – сап түзеп, қару асынып, тәртіпке бағынған азаматтың бейнесімен шектелуі мүмкін. Алайда, бүгінгі Қазақстан сарбазы – жан-жақты дамыған, рухани бай, мәдениетті, білімді тұлға. Мәлік Бекжанның жеңісі – осы сөзімізге нақты дәлел. Ол ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ұлттық мұраларды ұлықтауға да өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі.

Бейбіт күннің батыры саналатын әскери қызметкерлердің қоғамдағы рөлі орасан зор. Олар – тәртіп пен тұрақтылықтың символы, ел мен жерге адалдықтың жарқын үлгісі. Сонымен қатар, олар жас ұрпаққа отансүйгіштік, батырлық, ерлік сынды қасиеттерді бойына сіңіруге себепші болатын тәрбиелік тұлғалар. Мұндай байқауларға қатысу арқылы олар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ғана емес, сонымен қатар ел тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне деген құрметін паш етеді.

Бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әскери бөлімдерде мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Бұл – жауынгерлік рухты нығайтып қана қоймай, жеке құрамның рухани және интелектуалдық деңгейін арттыруға бағытталған игі бастамалар. Мәлік Бекжан сынды сарбаздардың өнердегі жетістіктері – осы бағдарламаның нақты нәтижесі.

Осындай жеңістер әскери қызметкерлердің тек қарумен ғана емес, сөзбен де, өнермен де елге қызмет ете алатынын дәлелдейді. Олар елін сүйетін, тарихын құрметтейтін, ұлттық болмысын терең түсінетін жан-жақты тұлғалар.

Мәлік Бекжан Әбдімәлікұлының жеңісі – тек жеке жетістік емес, бүкіл әскери қауымның мерейі. Бұл жеңіс – әскери қызметкердің де рухани дамуға, өнерге, әдебиетке ден қоятынын көрсететін жарқын мысал. Оның Абай әлеміне саяхаты – жас ұрпаққа өнеге, ертеңгі күнге бағыт.

Осындай мақтаныш иелерінің арқасында біз болашағымызға сеніммен қарай аламыз. Олар – елдің тыныштығын күзетіп қана қоймай, ұлттық рухты сақтап, келер ұрпаққа аманат етуші шынайы азаматтар. Біз Мәлік Бекжанды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да шығармашылық пен қызметтік биіктерден көріне беруіне тілектестік білдіреміз!

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*