
Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №2 кітапхана бөлімшесінде қазақ вальсінің королі атанған әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-әуенді кеш ұйымдастырылды. Рухани-танымдық бағытта өткен бұл іс-шара сазгердің мол мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, жас ұрпаққа ұлттық өнер қайраткерлері туралы терең мағлұмат беруді мақсат етті.
Іс-шараға қала жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен түрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты. Атап айтқанда, Славян этномәдени бірлестігінің белсенділері, композитордың туған қарындасы Райхан Қалдаяқова, сондай-ақ Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, полковник Сергей Мещанов кештің құрметті қонақтары қатарынан табылды.
Полковник С.Мещанов өз сөзінде Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларының отансүйгіштік рухты қалыптастырудағы маңыздылығына ерекше тоқталып, ел мәдениетін ұлықтаудың бүгінгі қоғам үшін маңызды екендігін атап өтті. Оның пікірінше, композитордың әндері ұлт руханиятының алтын арқауы болып қала бермек.
Кеш барысында тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге композитордың өмір жолын, шығармашылық мұрасын танытатын сирек фотоматериалдар, баспасөз басылымдары мен замандастарының естеліктері қойылды. Көрме қонақтар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, көптеген жастар мен оқырмандар үшін тарихи-мәдени танымды кеңейтудің тамаша құралына айналды.
Әдеби кештің шырайын келтірген сәттердің бірі – «Светоч» хорының өнер көрсетуі болды. Хор ұжымы Шәмші Қалдаяқовтың ел жадында сақталған кеңінен танымал әндерін нақышына келтіре орындап, кешке жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Ән әуенімен көмкерілген естеліктер мен лирикалық шолу кешке рухани мазмұн беріп, қатысушылардың жүрегінен орын алды.
Кеш соңында көпшілік қауым композитордың музыкасына деген шексіз сүйіспеншілігін білдіріп, оның шығармашылығының ұрпақтар сабақтастығындағы рөліне жоғары баға берді. Шәмші Қалдаяқовтың әндері тек әуен ғана емес, елдің жүрегінен шыққан рухани мұра екенін, әр әнінде қазақ халқының тарихы, тағдыры мен сағынышы бар екенін атап өтті.
Мұндай іс-шаралар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, рухани тәрбиені күшейтуге бағытталған маңызды мәдени жобалардың бірі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да қалалық кітапханаларда Қазақстан өнері мен әдебиетінің ірі тұлғаларына арналған кештер тұрақты түрде өткізіліп отырады. Бұл өз кезегінде жас буынның бойына патриоттық сана мен мәдени танымды қалыптастыруға үлес қоспақ.
Пікір қалдыру