ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП ПЕН ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БАҒЫТЫНДА КЕШЕНДІ ЖҰМЫСТАР ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласының прокуратурасы «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Бұл бастамалар тек экологиялық емес, сонымен қатар құқықтық сауаттылық пен тәртіпті арттыруға бағытталған.

Аталған іс-шаралар шеңберінде құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері, еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді тұрғындар белсене қатысты. Бұл іс-шараның ерекшелігі – тек санитарлық тазалықпен шектелмей, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу мақсатында да кешенді жұмыстар жүргізілгені.

Сенбілік барысында еріктілерден құралған «Тазалық сақшылары» тобы белсенді жұмыс атқарды. Олар көшелер мен аулаларды тазарту кезінде қабырғаларға, қоршаулар мен ғимараттарға жазылған есірткі заттарын жарнамалайтын күмәнді жазбаларды анықтап, бұл туралы бірден құқық қорғау органдарына хабарлаған. Еріктілердің бұл әрекеті – құқық бұзушылықтарға бейжай қарамай, азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

Аталған ақпаратқа сәйкес, Шымкент қаласының прокуратурасының үйлестіруімен жедел іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері тыйым салынған мазмұндағы ақпараттарды таратуға қатысы бар азаматты ұстады. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы – «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Бұл оқиға қоғамда құқық қорғау органдары мен азаматтардың бірлесіп әрекет етуінің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. «Тазалық сақшылары» бастамасы – тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ құқық қорғау саласына қоғамдық қолдау көрсетуге бағытталған тиімді әрі нәтижелі үлгі ретінде бағалануда.

Шымкент қаласының прокуратурасы қала тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға, қоғамдық орындарда немесе әлеуметтік желілерде құқық бұзушылық белгілерін байқаған жағдайда, оны дер кезінде құзырлы органдарға хабарлауға шақырады. Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік – тек мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, барша азаматтардың ортақ міндеті екенін есте сақтау қажет.

Құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеушілік танытып, бірге әрекет ету арқылы ғана әділетті әрі қауіпсіз қоғам құруға болады. Шымкент қаласының прокуратурасы алдағы уақытта да осындай кешенді шараларды тұрақты түрде өткізуді көздеп отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*