
2025 жылғы 26-29 шілде аралығында Шымкент қаласы Абай ауданының аумағында «Түнгі қаладағы балалар» атты кең ауқымды профилактикалық рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, қараусыз және бақылаусыз жүрудің алдын алу, сондай-ақ олардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйлерден тыс жерде жүруіне жол бермеу.
Рейдке Абай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, аудан әкімдігінің өкілдері, білім беру ұйымдарының инспекторлары, жергілікті атқарушы органдар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелері жұмылдырылды. Іс-шараға Абай ауданы әкімінің орынбасары бастаған жұмыс тобы белсенді түрде қатысты.
Түнгі рейд барысында ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар, саябақтар мен демалыс аймақтары, дәмханалар және басқа да жасөспірімдердің жиналуы мүмкін қоғамдық орындар қамтылды. Тексеру барысында заңды өкілінсіз түнгі уақытта жүрген жасөспірімдер анықталып, олардың ата-аналарымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Төрт күн ішінде 30-дан астам жасөспірімнің түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүргені белгілі болды. Олар жергілікті учаскелік полиция инспекторлары арқылы есепке алынып, ата-аналарына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша ескерту жасалды. Сонымен қатар, бірнеше ойын-сауық орнының иелеріне қатысты кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қабылдағаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды.
Абай ауданы әкімдігінің мәліметінше, мұндай рейдтер жылына бірнеше рет өткізіліп отырады. Себебі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жазғы демалыс кезінде ата-аналар тарапынан бақылаудың әлсіреуі және бос уақыттың көптігі – балалардың түрлі құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупін арттырады.
Рейдтік іс-шара барысында тек құқықтық ескерту жұмыстарымен шектелмей, ата-аналар мен жастарға арналған түсіндіру буклеттері таратылып, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу жолдары, жазғы лагерьлер мен үйірмелерге қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Жергілікті билік өкілдері мен полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау, олардың жүрген жерінен хабардар болу, тәрбиесіне мән беру керектігі үнемі ескертілуде.
Осындай бірлескен алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты азайтып, олардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. «Түнгі қаладағы балалар» акциясы – қоғам мен мемлекеттің бала тәрбиесіне бейжай қарамайтынын айқын көрсететін іс-шаралардың бірі.
Пікір қалдыру