
1 қыркүйек – Білім күніне орай Шымкент қаласында ерекше маңызды оқиға орын алды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Таскен шағын ауданында орналасқан №151 жалпы орта білім беретін жаңа мектеп салтанатты түрде ашылды. Жаңа оқу орны заман талабына сай жабдықталып, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы орта ұсынуға бағытталған.
Мектептің ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылының табысты өтуіне тілектестік білдірді. Өз сөзінде қала басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Әкімнің айтуынша, бұл жаңа форматтағы мектептер дәстүрлі білім беру үлгілерінен ерекшеленеді. Ең алдымен, оқушыларға эргономикалық білім кеңістігі ұсынылады. Яғни мектеп ғимараты тек оқу ордасы ғана емес, сонымен бірге балалардың шығармашылық және зияткерлік дамуына барлық мүмкіндік жасалған орталыққа айналып отыр.
Техникалық тұрғыда бұл мектептер типтік жобаларға қарағанда 4 есе артық жабдықталады. Мұның ішінде интерактивті тақталар, смарт құрылғылар, жоғары сапалы зертханалар мен қауіпсіздік жүйелері бар. Бұл факторлар сапалы, қауіпсіз және инклюзивті білім беру процесіне жағдай туғызады.
1500 оқушыға лайықталған жаңа мектеп 60 заманауи оқу кабинетімен жабдықталған. Мұнда түрлі пәндік сыныптар, STEM және IT бағытындағы зертханалар, робототехника кабинеттері, еңбекке баулуға арналған шеберханалар бар. Оқушылар үш спорт залында дене шынықтырумен айналыса алады. Сонымен қатар кең кітапхана, коворкинг аймағы және 375 орынға арналған асхана қызмет көрсетеді.
Медициналық пункт пен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған бейімделген сыныптар инклюзивті білім беруге бағытталған. Оқу ордасы толыққанды қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған: бейнебақылау, өрт қауіпсіздігі, кіруді басқару жүйелері орнатылған.
Бұл мектептің ашылуы Таскен шағын ауданы тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Бұған дейін бұл аумақта жаңа білім ордасына деген сұраныс жоғары болатын. Енді оқушылар өз шағынаудандарында сапалы білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр.
1 қыркүйекте тағы бір маңызды нысан – толықтай реновациядан өткен №9 IT мектеп-лицейі оқушыларға есігін айқара ашты. Жаңғырту жұмыстары аясында білім беру мекемесінің ішкі және сыртқы инфрақұрылымы толық жаңартылып, қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Бұл мектепте ІТ саласына басымдық беріліп, оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен техникалық біліктілігін арттыру көзделіп отыр.
Соңғы жылдары Шымкент қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, заманауи үлгідегі екі Оқушылар сарайы салынып, қалада олардың жалпы саны үшке жетті. Нәтижесінде шымкенттік оқушылардың 95 пайызы қосымша біліммен қамтылған.
Қосымша білім – тек мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмай, балалардың шығармашылық қабілетін, техникалық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды құрал. Осы тұрғыда жаңа мектептер мен сарайлар – болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашатын инвестиция.
2023 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 12 мектептің құрылысы басталған болатын. Оның алдында 11 жаңа мектеп пайдалануға берілген еді. Бүгінгі таңда бұл қатар тағы бір сапалы білім ордасымен толықты. Бұл – қаладағы демографиялық өсім мен жаңа шағынаудандардың дамуына сәйкес жасалып жатқан жоспарлы жұмыстың нәтижесі.
2025-2026 жаңа оқу жылы Шымкент қаласында 1352 білім беру мекемесінде басталды. Жалпы 400 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде 28 мыңға жуық бала бірінші рет мектеп табалдырығын аттады. Барлық оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан оқушыларға мектеп формасы мен ыстық тамақ тегін берілуі – білім беру жүйесіндегі теңдік принципінің айқын көрінісі.
1 қыркүйек – Білім күні Шымкентте жаңа серпінмен басталды. Жаңадан ашылған мектептер мен жаңғыртылған білім мекемелері – бұл тек инфрақұрылымдық жетістік қана емес, елдің болашағына жасалған инвестиция. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы арқылы Шымкент қаласы білім сапасын арттырып, балаларға заманауи, қауіпсіз, инклюзивті орта қалыптастыруда көшбасшы өңірлердің қатарында екенін дәлелдеп отыр.
Пікір қалдыру