
Жаз мезгілінде балалардың сыртта көп уақыт өткізуі және үйлерде жалғыз қалатын сәттерінің артуы – бірқатар қауіптің туындауына себеп болуы мүмкін. Соның ішінде аса өзекті мәселенің бірі – биік ғимараттардың терезелері мен балкондарынан балалардың құлап кету фактілері. Бұл – тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның алаңдаушылығын тудыратын жағдай.
Осыған байланысты Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті мен Шымкент қалалық Полиция департаментінің Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларымен бірлесіп, “Абайлаңыз, балалар!” атты профилактикалық акция өткізді. Шара “Қошқар ата” өзені маңында ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен балаларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Шараның басты мақсаты – ата-аналар мен ересектердің назарын балалардың терезеден немесе балконнан құлап кету қаупіне аудару, сондай-ақ мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу. Баланың өміріне төнетін қауіптер көбінесе ересектердің салғырттығы немесе қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуден туындайды.
Инспекторлар тұрғындарға арнайы жадынамалар таратып, “Абайлаңыз! Балалар — этаждан құлап кету қаупі” деген ескертпе белгілерін көпқабатты үйлердің маңына ілу жұмыстарын жүргізді. Бұл белгілер биік ғимараттарда, ашық терезелер мен балкондарда немесе қоршауы жеткіліксіз орындарда ілінуі тиіс. Мұндағы басты идея – ескерту арқылы қайғылы жағдайлардың алдын алу.
ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ
Мамандар ата-аналар мен қамқоршыларға бірнеше нақты ұсыныс жасады:
-
Балаларды пәтерде жалғыз қалдырмаңыз. Қысқа уақытқа шықсаңыз да, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адам жанында болуы керек.
-
Терезелерге арнайы қауіпсіздік торлары мен құлыптау құрылғыларын орнатыңыз. Бұл — ең қарапайым, бірақ өте тиімді алдын алу шарасы.
-
Мебельді терезенің жанына қоймаңыз. Себебі бала жиһазға шығып, терезеге оңай жетуі мүмкін.
-
Балаларға терезеден сыртқа қарау немесе балконнан еңкею өте қауіпті екенін түсіндіріңіз. Бұл туралы баламен жиі сөйлесіп, қауіптің салдарын мысалдар арқылы көрсету қажет.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын бірнеше ондаған бала биік қабаттардан құлап, ауыр жарақат алады немесе қаза табады. Мұндай қайғылы оқиғалар жиі 3-7 жас аралығындағы балалардың қатысуымен орын алады. Себебі бұл жастағы балалар қауіп-қатерді толық сезіне алмайды, ал олардың қимыл-қозғалысы ширақ, қызығушылығы жоғары болады.
Ата-аналарға ескерту жасаған мамандар: «Бір сәтке ғана баланы жалғыз қалдыру немесе терезені ашық қалдыру – орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін. Сондықтан әрбір ересек өз үйіндегі қауіпсіздік деңгейін қайта қарап, баланың амандығына жауапты екенін естен шығармауы тиіс», – деп атап өтті.
“Абайлаңыз, балалар!” акциясы – тек бір реттік шара емес, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақмерзімді жұмыс. Шымкент қаласының ТЖД мен Полиция департаменті мұндай түсіндіру шараларын жүйелі түрде өткізіп келеді және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Балалардың қауіпсіздігі – отбасының, қоғамның және мемлекеттің басты құндылығы. Сондықтан әрқайсымыз қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы үлкен трагедиялардың алдын алуға өз үлесімізді қоса аламыз.
Пікір қалдыру