
Шымкент қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа форматы енгізілуде. Енді полиция қызметкерлері саябақтар мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақтарды заманауи электрсамокаттардың көмегімен патрульдеуде. Бұл қадам тәртіп сақшыларына құқықбұзушылықтарға жедел әрекет етуге және демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіпті тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Электрсамокаттарды пайдалану шешімі саябақтардың ерекшелігіне байланысты қабылданған. Мұндай аймақтарда көлік қозғалысы шектеулі, сондықтан қызметтік автокөліктермен қозғалу қолайсыз. Ал электрсамокаттар жоғары маневрлікке және мобильділікке ие, бұл патрульге қажетті нүктеге қысқа уақытта жетуге жағдай жасайды. Осылайша полицейлер дер кезінде құқықбұзушылықты анықтап, заңға сәйкес шара қолдана алады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, электрсамокаттар тәртіп сақшыларының жұмысын жылдамдатумен қатар, оларды тұрғындар үшін көзге түсімді етеді. Азаматтар патрульдерді оңай байқап, қажет болған жағдайда көмекке жүгіне алады. Бұл тұрғындар мен қала қонақтарының сенімін арттырып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік сезімін күшейтеді.
Әсіресе, адамдар көп жиналатын орындарға ерекше назар аударылады. Балалар және спорт алаңдары, мәдени демалыс орындары, жағалаулар мен қоғамдық бақтар – патрульдер жұмыс жүргізетін негізгі аумақтар. Полицейлер қоғамдық тәртіпті бақылап, саябақтағы тыныштыққа кедергі келтіретін ұсақ құқықбұзушылықтардың алдын алады.
Электрсамокатпен патрульдеу тәжірибесі құқықбұзушылықтардың алдын алуда нәтижелі екенін көрсетіп отыр. Мобильділік күдікті жағдайларды тезірек байқауға және қажет болған сәтте жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қажет жағдайда қосымша күштер немесе өзге бөлімшелер де шақырылады.
Полицияның басты мақсаты – қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету. Әрбір тұрғын немесе қала қонағы саябақта өзін жайлы әрі қорғалған сезінуі тиіс. Тәртіп сақшылары әрдайым көмекке дайын екендерін және кез келген өтінішке жылдам жауап беретінін атап өтуде.
Сонымен қатар, полиция азаматтарға қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін сақтауды ескертеді. Мас күйінде жүріс-тұрыс, бұзақылық әрекеттер немесе қалалық мүлікті бүлдіру секілді заңбұзушылықтарға жол берілмейді және олар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Құқық қорғау органдары кез келген азамат патрульдерге еркін жүгініп, кеңес ала алатынын еске салады. Электрсамокаттарды пайдалану полиция қызметін тиімдірек етіп қана қоймай, көмекке жүгінгендерге қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, заманауи құралдарды пайдалану полицияның уақыт талабына сай жұмыс істеуге және жаңа мүмкіндіктерді қоғам игілігіне бағыттауға дайын екендігін көрсетеді. Шымкент полицейлері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау ісінде инновациялық шешімдерді енгізе отырып, тұрғындардың тыныштығын қорғауды жалғастыруда.
Пікір қалдыру