Полициямен бірге бір күн: оқушылар тәртіп сақшыларының қызметін өз көздерімен көрді

желіден алынған

Шымкент қаласында ерекше форматтағы танымдық-тәрбиелік іс-шара өтті. Патрульдік полиция полкі мен жас жол инспекторлары бірлесе ұйымдастырған шара аясында мектеп оқушылары полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен танысып, құқық қорғау органдарының қоғамдағы орны мен маңыздылығын жан-жақты түсінуге мүмкіндік алды.

Балаларға патрульдік полицияның күнделікті қызметі, олардың қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары кеңінен көрсетілді. Оқушылар тәртіп сақшыларының қызметтік автокөліктерімен, арнайы құрал-жабдықтарымен және жұмыс барысындағы негізгі міндеттерімен жақын танысып, сұрақтарына жауап алды. Бұл кездесу олардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар берері сөзсіз.

Сонымен қатар балалар Туристерге қызмет көрсету взводының жұмысын да көрді. Бір күн ішінде олар туристерге бағыт-бағдар беру, қала қонақтарына көмек көрсету, шетелдік азаматтарға құқықтық кеңес беру және қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау сияқты жауапты міндеттердің қалай жүзеге асатынын бақылап, осындай қызметтің қала өміріндегі ерекше рөлін түсінді.

Іс-шараның тағы бір маңызды бөлігі жас жол инспекторларының белсенділігін арттыруға арналды. Олар қала тұрғындары арасында мопед пен скутер жүргізушілерінің жолдағы тәртібіне байланысты шағын сауалнама жүргізіп, алынған мәліметтермен бөлісті. Жүргізушілердің шлем тағу қажеттігі, белгіленген жылдамдықты сақтау, жаяу жүргіншілерге жол беру сынды қарапайым, бірақ маңызды қағидаларды түсіндірді. Бұл әрекеттер жас инспекторлардың қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасып келе жатқанын айқындай түсті.

Мұндай шаралар балалардың құқықтық сауатын арттыруға, полиция қызметіне жақындатуға және патриоттық рухын қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Оқушылар өздері үшін жаңа тәжірибе жинап қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті де сезінді.

Бұл бастама балалар мен тәртіп сақшылары арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін, заңға құрметпен қарауын және құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*