
Есірткіні тұтынудың салдарынан жасалатын қылмыстардың көбеюіне, сөзсіз, оны ашық немесе жасырын түрде насихаттайтын интернет сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар айтарлықтай әсер етіп отыр. Жастардың қызығушылығын қоздырып, сананы улайтын мұндай жарнамалардың таралуын шектеудің ең басты жолдарының бірі – оларды дер кезінде бұғаттау.
Осы бағытта Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүйелі жұмыстар жүргізуде. Басқарма қызметкерлері интернет кеңістігінде тұрақты түрде мониторинг жасап, есірткі заттарын саудалауға немесе насихаттауға арналған заңсыз контентті анықтайды. Мұндай іздестіру жұмыстарына арнайы дайындықтан өткен кибер-еріктілер де жұмылдырылып, полицияға көмек көрсетіп келеді.
Бірлескен еңбектің нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы жеті айында 1243 заңға қайшы интернет сайты, әлеуметтік парақша мен арналар әшкереленіп, тиісті ақпараттық жүйеге енгізілді. Бұл қадам олардың бұғатталуына құқықтық негіз қалап берді.
Мамандар атап өткендей, жүйеге енгізілген әрбір ресурс сараптамадан өтеді. Арнайы сала мамандары оның мазмұнын мұқият зерттеп, нақты әрі жеткілікті негіз болған жағдайда ғана бұғаттауға келісім береді. Яғни, әрбір шешім заң аясында, дәлелдер негізінде қабылданады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Қоғамды есірткінің зиянды әсерінен қорғау үшін тәртіп сақшылары интернет кеңістігіндегі заңсыз мазмұнға үздіксіз бақылау орнатып, жаңа деректерді анықтауды жалғастыруда.
Есірткі – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның болашағына төнген үлкен қауіп. Сондықтан құқық қорғау органдары тек қана бұғаттаумен шектелмей, сонымен қатар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салуда.
Жүйелі алдын алу шараларының арқасында интернеттегі есірткі насихатына тосқауыл қою – қоғамды қорғаудың және қылмыстардың алдын алудың маңызды тетігі болып қала бермек.
Пікір қалдыру