
Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты. Вице-премьер алдымен арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, ондағы жағдаймен егжей-тегжейлі танысты. №2 орталық психоневрологиялық ауытқулары бар, жасы 18-ден асқан азаматтарға арналған. Мұнда 240 адамға арналған стационарлық қызмет көрсетіледі. Алайда ғимараттың жағдайы қазіргі заман талаптарына сай емес – күрделі жөндеу мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігі туындап отыр.
Бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралып, тиісті мемлекеттік органдар мен сарапшыларды тарту арқылы шешілетін болады. Қауіпсіз әрі қолайлы орта – қызмет алушылардың ғана емес, онда жұмыс істейтін мамандардың да сапалы жұмысына тікелей әсер етеді.
Сапар барысында Ермек Көшербаевтың ерекше назар аударған нысандарының бірі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы болды. Бұл мекеме Шымкент қаласының зейнеткерлері арасында үлкен сұранысқа ие. Қазіргі уақытта орталықтың қызметін 130-дан астам адам пайдаланады. Мұнда зейнет жасындағы азаматтар медициналық және психологиялық кеңес алады, спортпен шұғылданады, қолөнер және музыка сияқты шығармашылық бағыттар бойынша шеберліктерін дамытады. Сонымен қатар, компьютерлік сауаттылық пен шет тілдерін оқыту бойынша арнайы курстар ұйымдастырылған.
Жоғары жастағы тұрғындармен кездесу барысында вице-премьер олардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдап, оң пікірлерге қанықты. Шымкент қаласының тұрғыны Айнагүл Мырзаева орталыққа келгеннен кейін өмірінің мәні артқанын айтты:
«Бұрын уақытымның көбін жалғыз өткізетін едім. Бұл орталықта жаңа достар таптым, қызықты істермен айналыса бастадым. Көңіл-күйім жақсарды, өмірге деген құлшынысым қайта оралды. Біз билейміз, сөйлесеміз, денсаулығымызға қамқорлық жасалады», – деді ол.
Орталықтағы сол күнгі жылы атмосфера – музыка, вальс билеген қариялар, жарқын күлкі – егде жаста да өмірдің қуанышын сезінуге болатынын көрсетті.
Ермек Көшербаев бұл тәжірибені жоғары бағалап, келешекте еліміздің барлық өңірлерінде осындай орталықтар ашу қажеттігін айтты:
«Қарттардың денсаулығын сақтау ғана емес, олардың қоғамнан тыс қалмауына жағдай жасау, таланттары мен қызығушылықтарын дамыту өте маңызды. Мұндай орталықтар – аға буын өкілдері үшін нағыз тірек нүктесі. Біз барлық өңірде осындай мекемелердің құрылуын қамтамасыз етеміз», – деп атап өтті ол.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 99 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың қатарында 1482 тыл еңбеккері мен Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері бар. Қарттарға қамқорлық – тек қоғамдық міндет қана емес, бұл – мемлекеттің басты әлеуметтік саясатының бірі. Үкімет жүйелі түрде әлеуметтік қызмет көрсету инфрақұрылымын жаңғырту, қаржыландыруды ұлғайту және мамандарды даярлау бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Мұндай бастамалар Қазақстанның егде жастағы азаматтары өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне, өмірлік белсенділікті сақтауына және өз болашағына сеніммен қарауына мүмкіндік береді.
Пікір қалдыру