
2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа дәстүрлі Жолдауын жариялады. Бұл саяси құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын айқындай отырып, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың маңызын ерекше атап көрсетті. Мемлекет басшысының үндеуі – әрбір мемлекеттік қызметкерге, әсіресе ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап тұрған әскери қызметшілер үшін бағыт-бағдар болар маңызды стратегиялық құжат.
Жолдаудағы басымдықтардың бірі – адами капиталды дамыту. Президент білім мен ғылымды қолдаудың маңызын атай отырып, заманауи технологиялар мен инновацияларды игеру қажеттігін алға тартты. Бұл – тек азаматтық салаларға ғана емес, әскери салаға да тікелей қатысты. Қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында кәсіби әскердің рөлі арта түсуде.
Президент Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті. Бұл бағыттар тек мемлекеттік басқару жүйесінде ғана емес, қауіпсіздік құрылымдарының, оның ішінде Қарулы Күштердің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімі де осы заман талабына сай жаңғырып, жаңа технологияларды әскери қызметке енгізуге дайын.
Қазіргі таңда әскери салаларда цифрлық басқару жүйелері, автономды бақылау құралдары, киберқауіпсіздік және «ақылды» талдау жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл үрдіс Ұлттық ұлан қатарындағы әскерилер үшін де өзекті: әрбір сарбаздың жауынгерлік машығы, ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті мен техникалық сауаттылығы – басты назарда.
Президент өз Жолдауында әлеуметтік әділеттілік пен халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесін де шет қалдырмады. Бұл бағыт – әсіресе әскери қызметшілер үшін маңызды. Қызмет барысында ел тыныштығын күзетіп жүрген сарбаздар мен офицерлердің әлеуметтік қорғалуы, баспанамен қамтылуы, лайықты еңбекақы мен зейнетақы төлемдері – тұрақты мемлекеттің негізі. Мемлекет тарапынан бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
6506 әскери бөлімінің жеке құрамы Президент Жолдауымен мұқият танысып шықты. Біз бұл құжаттан елдің болашағына деген сенім мен нақты іс-қимыл жоспарын көріп отырмыз. Әскери қызмет – тек мамандық емес, бұл – Отан алдындағы қасиетті борыш, әр сарбаз үшін мәртебелі міндет. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – мемлекет пен халық алдындағы сенімді ақтау.
Президент айқындаған басым бағыттарды ескере отырып, 6506 әскери бөлімінің жеке құрамы жауынгерлік даярлықты нығайту, кәсіби дағдыларды шыңдау және тәртіп пен моральдық рухты жоғары деңгейде ұстау жолында жұмыстарын жалғастырып келеді. Бөлімде тұрақты түрде оқу-жаттығу сабақтары, теориялық және практикалық дайындықтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, сарбаздардың психологиялық тұрақтылығын арттыру, командалық жұмыс дағдыларын жетілдіру – әскери ұжымның басты назарында.
Қоғаммен байланыс, әскери-патриоттық тәрбие, жастармен жұмыс істеу бағыттары да ерекше назарға алынған. Әскери бөлім мектептер мен ЖОО-ларда ашық есік күндерін, экскурсиялар мен дәрістер ұйымдастырып, жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін оятуға атсалысады.
Мемлекет басшысы: «Ел бірлігі мен ішкі тұрақтылық – даму кепілі,» – деп атап өтті. Осы орайда, Ұлттық ұлан қызметкерлері еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығы үшін тәуліктік режімде қызмет атқарады. Біз – қоғамдық тәртіпті сақтау, стратегиялық нысандарды қорғау және төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсету міндеттерін абыроймен атқарып жүрген мамандармыз.
6506 әскери бөлімінің ұжымы ретінде біз еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етуге дайынбыз. Біз – Президент белгілеген стратегиялық мақсаттарды қолдаймыз және олардың орындалуына өз үлесімізді қосамыз. Отан алдындағы борышты өтеу – біздің парызымыз ғана емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Президент Жолдауы – әрбір қазақстандық үшін жаңа серпін, жаңа мүмкіндіктер бастауы. Әсіресе, әскери сала қызметкерлері үшін бұл құжат нақты бағдар, сенімді тірек. Бізге жүктелген жауапкершілікті толық сезіне отырып, мемлекетіміздің өркендеуі жолында адал қызмет ету – басты міндетіміз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
6506 әскери бөлімінің командирі
полковник Марат РАХПАНОВ
Пікір қалдыру