ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТРАНЗИТТІК ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ: ЖОЛДАУДАҒЫ БАСТЫ БАҒЫТТАР

2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап берді. Әлемдік экономикалық ахуалдың өзгеруіне байланысты Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар екі бағыт — транзиттік әлеуетті күшейту мен қуат көздерін жаңғырту мәселелері Жолдауда ерекше назарға алынды.

Бүгінде жаһандық деңгейде транзиттік бағыттар үшін күрес күшейіп келеді. Балама және арзанырақ көлік дәліздері ұсынылып жатқан заманда Қазақстан үшін бұл салада өз ұстанымын нығайту өмірлік маңызға ие. Президент еліміздің әрдайым бір қадам алда болып, алдын ала әрекет етуі қажет екенін атап өтті. Бұл – Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, оны Орталық Азиядағы маңызды логистикалық торапқа айналдырудың нақты жолы. Жолдауда айтылған бұл тұжырым еліміздің халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстарды талап етеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы энергетика саласындағы түбегейлі өзгерістерге де тоқталды. Қазіргі таңда әлемдегі энергия тұтыну құрылымы өзгеріп, «жасыл» энергетикаға басымдық беріліп отыр. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмай, қуат көздерін жаңғырту бағытында нақты қадамдар жасауда. Президент шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды тілге тиек етті. Алдағы бес жыл ішінде жалпы қуаты 6,3 гигаватт болатын жаңартылатын энергия көздері нысандарын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, экологиялық тұрақтылықты сақтауға, «жасыл» экономикаға көшуге үлкен серпін береді.

Мұндай бастамалар Қазақстанның орнықты дамуына, жаһандық сын-қатерлерге дайын болуына және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Транзиттік әлеует пен энергетикалық тәуелсіздік – елдің экономикалық егемендігін айқындайтын басты факторлардың бірі. Сондықтан Жолдауда айтылған міндеттерді уақытылы әрі тиімді жүзеге асыру – мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды.

Жаһандық өзгерістер мен технологиялық серпіліс дәуірінде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақты дамуы осы сияқты стратегиялық бағыттарды табысты жүзеге асыруға байланысты. Президент Жолдауында белгіленген бұл басымдықтар ел болашағының берік негізін қалайды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*