
Шымкент қаласында халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бастама ел көлемінде жүргізіліп жатқан ауқымды экологиялық саясаттың маңызды бір бөлігі болып табылады.
Бағдарламаның басты бағыттарының бірі – білім беру мекемелерінде экологиялық тәрбие мен ағартушылық жұмыстарын ұйымдастыру. Осы орайда Шымкент қаласындағы мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастар арасында экологиялық сана мен мәдениетті арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар белсенді түрде өткізілуде.
Атап айтқанда, қаладағы №50, №65 және №135 жалпы білім беретін мектептерде экология, табиғатты сақтау, тұрақты өмір салтын ұстану, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау тақырыптарында ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Мұндай сабақтар балалар мен жасөспірімдердің табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, олардың бойында экологиялық ойлау жүйесін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған арнайы кездесу өтті. Аталған іс-шараға эковолонтерлер, экология саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Кездесу барысында қатысушылар заманауи экологиялық сын-қатерлерді талқылап, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынды. Сондай-ақ, экологиялық волонтерлік қозғалысты кеңейту, жасыл технологияларды қолдау және табиғатты қорғау шараларына жұртшылықты тарту мәселелері көтерілді.
Іс-шараларда сөз сөйлеген қатысушылар жас ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттыру қажеттілігіне назар аударды. Олар табиғатты аялау, қаланы таза ұстау және қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар, жастарды осындай бастамаларға белсенді араласуға, жеке үлгі көрсету арқылы өзгелерге мотивация болуға шақырды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті насихаттау, азаматтарды, әсіресе жастарды қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қалалық және республикалық бастамаларға кеңінен тарту. Бағдарлама шеңберінде экологиялық білім берудің сапасын арттыру, табиғатты тиімді пайдалануды үйрету және экологиялық тұрғыдан жауапты қоғам қалыптастыру көзделген.
Бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруға қалалық білім беру мекемелері, Жастар ресурстық орталығы және қоғамдық экологиялық ұйымдар белсене атсалысып келеді. Олар экологиялық акциялар, сенбіліктер, ағаш отырғызу шаралары және ақпараттық науқандар өткізу арқылы қоғамдық сананы жаңғыртуға ықпал етуде.
Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастыруда, қоғамның табиғатқа деген көзқарасын оң бағытта өзгертуде маңызды рөл атқарады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы жастар табиғатты сүюді, оны қорғауды және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды үйренуде. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадамдардың бірі.
Пікір қалдыру