
Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Сондықтан жас буынды отансүйгіштікке, елін қорғауға дайын болуға тәрбиелеу – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде ерекше іс-шара – жоғары сынып оқушыларына арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Бұл бастама ел болашағын сеніп тапсыратын жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, әскери қызметтің маңыздылығын түсіндіру және Отан қорғау ісіне қызығушылығын ояту мақсатында өткізілді.
Іс-шараға Шымкенттегі №4 «Талант» орта мектебінің 10-сынып оқушылары мен олардың алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, майор Каримбаев Рисхжан қатысты.
Кездесу барысында оқушыларға әскери бөлімнің тарихы, құрылу кезеңдері және осы уақытқа дейінгі жетістіктері таныстырылды. Әскери қызметтің негізгі бағыты, сарбаздардың күнделікті тәртібі, жауынгерлік дайындықтың ерекшеліктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Оқушылар үшін әсіресе қызықты сәт – әскери қару-жарақ пен техника көрмесі болды. Саптық алаңға қойылған әскери мылтықтар, арнайы көліктер, бронды жабдықтар мен әскери қызмет кезінде қолданылатын киімдер балалардың назарын ерекше аударды.
Жасөспірімдер нағыз сарбаздар киетін каска, бронежилет, камуфляж киіп көруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қызметтік иттердің жаттығуларын тамашалап, олардың тәртіпке бағынуы мен дайындық деңгейіне тәнті болды. Арнайы дайындықтан өткен сарбаздар қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсетіп, жауынгерлік машықтарын паш етті.
Ашық есік күнінде оқушылар тек бақылаушы ғана емес, белсенді қатысушы ретінде өздерін сынап көрді. Олар сарбаздармен сұхбаттасып, әскери өмірдің шынайы бейнесін өз көздерімен көрді. Әскери казарма, жатын орын, асхана сынды тұрмыстық жағдайлармен де танысты.
Сапқа тұру, бұйрық орындау, нысанаға көздеу секілді қарапайым жаттығулар оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Шынайы өмірде қару ұстау, арнайы техникаға міну – бұған дейін тек теледидар мен ойындардан көріп жүрген дүниелерді өмірде сезінуге мүмкіндік берді.
Шара соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісті. 10-сынып оқушысы Нарматов Санжар өз пікірін былай жеткізді:
«Бүгін мен әскери қызметтің шынайы келбетін көрдім. Бұрын тек фильмдер мен кітаптардан білетін дүниелер көз алдымда жаңғырды. Нағыз сарбаздармен сөйлесіп, олардың күнделікті өмірін көріп, әскери техниканы қолыма ұстап, өзімді нағыз жауынгердей сезіндім. Бұл менің өміріме үлкен әсер етті. Тәртіп, жауапкершілік пен батырлық – осы қасиеттерді бойға сіңіру керек екенін түсіндім».
Ал алғашқы әскери дайындық пәнінің жетекшісі, майор Каримбаев Рисхжан мұндай шаралардың маңызын ерекше атап өтті:
«Теориялық сабақтармен қатар, осындай практикалық танысу – оқушылар үшін өте маңызды. Олар тек оқулықтан емес, шынайы өмірден үлгі алады. Бұл олардың болашақта әскери қызметке саналы түрде қарауына ықпал етеді».
«Ашық есік күні» – жастар үшін үлкен мотивация көзі ғана емес, олардың өмірлік бағдарына әсер ететін маңызды тәжірибе. Әскери бөлім өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта да жиі өткізіліп тұрады.
Ұлттық ұлан – тек қауіпсіздік қалқаны ғана емес, патриоттық тәрбиенің нақты орталығы екенін дәлелдеді. Жастармен тікелей жұмыс жүргізу, оларды елге, жерге деген сүйіспеншілікке баулу – келешек үшін жасалып жатқан маңызды қадам.
Отан қорғаушылар қатарында болу – әрбір жасқа мақтаныш болуы тиіс. Ал мұндай шаралар – сол мақтаныштың негізін қалап жатқан алтын көпір.
Пікір қалдыру