ҚХА ӨКІЛІ ШЫМКЕНТТЕ: ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов этномәдени бірлестік төрағалары және қоғамдық құрылым жетекшілерімен кездесті. Аталған жиын қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналды.

Жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып, жүргізіп отырды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында және Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмалар мен саяси бағыттарға тоқталып өтті. Өз сөзінде Сәрсен Құранбек қазіргі сын-қатерлер жағдайында ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау аса маңызды екенін айтып, бұл жолда Ассамблеяның әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Кездесу еркін форматта өтті. Марат Әзілханов этномәдени бірлестіктердің төрағаларын ашық пікір алмасуға шақырып, өзекті мәселелер мен ұсыныстарды тыңдауға дайын екенін білдірді.

— Бұған дейін өткен кездесулерде, басқосуларда үнемі мен баяндама жасап келдім. Бірақ бүгін сіздерді тыңдауға арнайы келіп отырмын. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне, жобаларына, бастамаларына қатысты ұсыныстарыңыз болса, ашық айтыңыздар. Біз өзара түсіністік пен сенімге негізделген жұмыс форматын қолдаймыз, — деді ол.

Кездесу барысында қалалық ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері белсенділік танытып, өз пікірлерін білдірді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы, «Қазақтану» журналының жауапты редакторы Шолпан Торғаутова этносаралық қарым-қатынас мәдениетін нығайтудағы ғылыми орталықтардың рөліне тоқталды. Ал Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің департамент директоры, қалалық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі Қайрат Анарбаев жастар арасында толеранттылық пен қоғамдық келісім идеяларын насихаттаудың тиімді жолдарын ұсынды.

Кездесуде сөз алған қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері – түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев, этномедиация кеңесінің төрайымы Дана Кенжеқұлова, сондай-ақ ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төраға орынбасары Батырбек Жалмұрзаев – этносаралық келісімді нығайту жолында атқарылған жұмыстар жайлы айтты. Олар Ассамблея шеңберінде өткізілген мәдени-рухани іс-шаралар, қайырымдылық акциялар мен ғылыми жобалар туралы баяндап, олардың қоғамда татулық пен сенімді арттыруға оң ықпал етіп жатқанын жеткізді.

Кездесу барысында этнос өкілдері өздерінің ұсыныстарын, түйткілді мәселелерін де ортаға салды. Әсіресе этномәдени бірлестіктердің жастармен жұмысын күшейту, ана тілі мен дәстүрді сақтауға бағытталған жобаларды қолдау, қоғамдық келісім мен ішкі тұрақтылықты сақтау жолындағы шараларды кеңейту мәселелері қозғалды.

Жиын соңында Марат Әзілханов бірқатар этнос өкілдерін марапаттады. Қалалық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Рамазан Матаев пен өзбек этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Шухрат Рузметовке Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалі табысталды. Сонымен қатар, Жұмабек Тәшенев атындағы университет ректоры Қанат Байболов, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева және қалалық әзірбайжан этномәдени орталығының белсендісі Адиль Алиев Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.

Кездесуді қорытындылай келе, Марат Алмасұлы айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын айтып, Ассамблея алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды:

— Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның жанындағы құрылымдарға артылған үлкен жауапкершілік бар. Басты мақсатымыз – елдің ертеңіне адал, білімді, елжанды ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін әр этнос, әрбір азамат бейбітшілік пен бірлікті сақтау жолында өз үлесін қосуы тиіс, — деді ол.

Жиын соңында ҚХА Төрағасының орынбасары этномәдени бірлестік өкілдеріне алғысын білдіріп, Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктердің жұмыс кабинеттерін аралап көрді. Бұл сапар қалалық этносаралық қарым-қатынас жүйесінің жанданып келе жатқанын, мемлекеттік деңгейде қолдауға ие болып отырғанын тағы бір дәлелдеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*