«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ»: АЗАМАТТАРҒА ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯ

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және тегін заң көмегін кеңінен қолжетімді ету мақсатында ел көлемінде «Халық заңгері» атты ауқымды республикалық акция өткізілді.

Аталған іс-шара қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Акцияға барлық салалық ведомстволардың бірінші басшылары, тәжірибелі адвокаттар мен заңгерлер, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері белсене қатысты. Бір күнге созылған кең ауқымды шара барысында мыңнан астам қала тұрғынына отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік құқық салалары бойынша кәсіби заңгерлік кеңес берілді.

Акцияның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін түсіндіру және мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін заң көмегі туралы ақпараттандыру болды. Шара аясында мамандар азаматтарға құқық қорғау және сот органдарына жүгіну тәртібі, өтініш беру мен шағым жолдау рәсімдері жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Қала прокуроры Ғабит Мұқанов өз сөзінде құқықтық сананың қоғамдағы маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Ол өз баяндамасында ежелгі грек ойшылы Платонның: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады» деген қанатты сөзін келтіріп, осы қағиданың бүгінгі күні де өзекті екенін атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – әр азаматтың заң алдында қорғалғанын сезінуіне жағдай жасау. Сол себепті бүгінгі акцияға барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері бірігіп қатысып отыр. Мұндай бірлескен бастама халықтың сенімін нығайтып, қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді қала прокуроры.

Іс-шара барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй, мұрагерлік, еңбек даулары мен жер қатынастарына қатысты болды. Мамандар әрбір өтінішті мұқият қарап, нақты жағдайға сәйкес құқықтық кеңес ұсынды. Сонымен қатар азаматтарға мемлекеттік қызметтерді электронды форматта алу мүмкіндіктері, eGov порталы арқылы өтініш беру және тегін заң көмегін алу жолдары түсіндірілді.

«Халық заңгері» акциясы ел аймақтарында тұрақты түрде өткізілетін болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама халық пен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Акцияның жалғасы ретінде құқықтық түсіндіру жұмыстары мектептерде, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында да жүргізілмек. Әр азамат өз құқығын білуі және оны қорғай алуы – әділетті қоғамның негізгі кепілі болып табылады. Осы бағыттағы кешенді жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асырылып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға елеулі үлес қоспақ.

«Халық заңгері» жобасы – қарапайым азаматтарға кәсіби көмек көрсетудің тиімді үлгісі. Бұл бастама арқылы адамдар заң көмегіне қол жеткізіп қана қоймай, өз құқықтарын қорғауда белсенді ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік алуда. Акция қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, құқықтық мемлекеттің негізін бекемдей түспек.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*