«Музейлер шеруі -2017» байқауының жеңімпаздары анықталды

Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен  «18 мамыр — Халықаралық музейлер күні» мерекесіне орай «Музейлер шеруі-2017» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Музейлер  рөлін күшейту, халық қазынасы саналатын жәдігерлерді зерттеу, сақтау және кеңінен насихаттау, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған байқауға облыстық 25 музей қатысып, құнды жәдігерлерді жинақтау мен жаңғыртуда өз тәжірибелерімен бөліскен болатын.
Еліміз үшін өзіндік маңызға ие айтулы күнмен құттықтаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы өлкедегі ұлттың құндылығын дәріптеп, жәдігерлерін жаңғыртуы және қойнауы кең мұражайлар қорының артуы тарих үшін мол байлық болып қаларын жеткізді. Осы орайда, музейлер бойынша өткен байқаудың бас жүлдесіне облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталығы лайық деп танылды. Бірінші орынды Руханият-Әбу Нәсір Әл-Фараби музейі иемденсе, Төлеби аудандық және  облыстық мақта шаруашылығы тарихының музейлеріне екінші орын берілді. Үшінші орын тұғырынан Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі, Арыс қаласы және Бәйдібек аудандық көркем-сәулет музейлері көрінді. Музей филиалдары бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ерлік музейі бас жүлдеге ие болса, бірінші орын облыстық
тарихи-өлкетану музейінің Шардара ауданындағы филиалына берілді. Екінші орынмен облыстық саяси  қуғын-сүргін құрбандары музейінің Н.Төреқұлов атындағы және Төлеби аудандық музейінің Тасарық сурет галереясы филиалдары марапатталса, облыстық тарихи -мәдени этнографиялық орталығының Н.Оңдасынов атындағы және облыстық тарихи — өлкетану музейінің Сайрам ауданындағы филиалдары, Кентау қалалық музейінің Шамет ишан атындағы филиалы үшінші орынға лайық деп танылды.
Экскурсия жүргізушілері бойынша бас жүлдеге облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ие болды. Бірінші орын Төлеби аудандық музейіне, екінші орын облыстық тарихи -мәдени этнографиялық орталығы және облыстық тарихи -өлкетану музейінің Ерлік музейі филиалына берілді. Үшінші орын Бәйдібек аудандық көркем-сәулет музейі және Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейі мен облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің Н.Төреқұлов атындағы филиалының қанжығасына байланды.
Барша жүлдегерлерге облыстық мәдениет басқармасы басшысының арнайы алғыс хаты және ақшалай сыйлық сертификаты табысталды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*