ОҚО-да «ONTUSTIK өнімдері-2017» көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр

        Бүгін Шымкенттегі «Көрме» орталығында «ONTUSTIK өнімдері-2017» көрме-жәрмеңкесі басталды. Оңтүстік Қазақстанның тауар өндірушілерін қолдау және оларды халыққа кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан шарада күнгейде өндірілетін тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, құрылыс саласына қатысты 200-ден астам тауар өндіруші қатысты. Көрме-жәрмеңкенің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов қатысып, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

         Іс-шарада бос орындар жәрмеңкесі де қатар өткізілді. Оңтүстіктің тауар өндірушілері тек өз тауарларын ұсынып қана қоймай, шара келушілерімен бос орындар туралы ақпаратпен бөлісіп, қызығушылық танытқандармен әңгімелесті. Бұл аймақтағы жұмыссыздар мен оқуды жаңа бітірген түлектерге өңірдегі компаниялармен танысып, өздеріне тұрақты жұмыс орындарын табуға зор мүмкіндік болды. Бүгінгі таңда әрбір екінші кәсіпорынға офис-менеджерлерден бастап, инженер-технолог, дәнекерлеуші сынды түрлі маман иелері қажет.         Сондай-ақ, аталған шара барысында «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік байқау өткізілуде. Оған Оңтүстіктің бастаушы және белгілі отандық тауар өндірушілері қатысып жатыр. Олардың ішінде ВизИТ», «Рауан», «ШХ Гаухар», «Амангелді», «Ладушки», «Azala», «Отрар групп» сияқты танымал компаниялар бар.

        Сарапшы комиссия өкілдері экспозициялардың барлығын қарап, байқау қатысушыларын келесі 3 аталым — «Халық үшін үздік тауар», «Өндірістік бағыттағы үздік тауар» және «Үздік азық-түліктік тауар» номинациялары бойынша марапаттайды.

         Конкурсқа қатысушыларды бақылау кезінде алдымен тауардың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі ескерілетін болады. Сонымен қатар, шара барысында өңірлік номинациялар бойынша — «Халықтың таңдауы», «Жыл серпіні», «Жыл бренді», «Әлеуметтік маңызды стартап» атағымен ең үздік компаниялар анықталады.

 «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінің жеңімпаздары салтанатты түрде бағалы сыйлықтармен марапатталады. Конкурстың жеңімпаздары Астанада өткізілетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсына қатысуға жолдама алады.

           Екі күнге ұласатын көрме-жәрмеңкеде қатысушыларға семинарлар, ойын-сауық бағдарламалары мен сыйлықтар табысталады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*