ОҚО-да 43 су қоймасы орналасқан

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысының төрағалығымен  өткен кезекті селекторлық режимдегі аппараттық мәжілісте, Жансейіт Түймебаев  облыста қосымша салынатын 16 су қоймасы әлі де өңірімізге аздық ететінін айтып, жауапты мекемелердің жұмысын сынға алды.«Көршілес облыспен салыстырғанда біздің өңір халқының саны 3 есе көп, бірақ, су қоймаларының саны жағынан олардан 3 есе азбыз. Ауыл шаруашылығына бейім өңірміз дейміз. Түрлі өнімдерді көп шығарамыз. Неге осыны ойламадыңыздар?! 43 су қоймасына жаңадан салынатын 16 нысанды қоссақ, 59 болады. Сонда да жартысына да жетпейін деп тұрмыз. Қалай сонда? Есеп-қисап қайда? Жоспар қайда? 16 емес, бұл кемінде 56 болу керек. Аудан, қала әкімдерімен жеке сөйлестім. Сіздер бар болғаны 1-2-еу шығады деген аудандар 6-7 су қоймасын салуға ұсыныс беріп отыр. Біздің әкімдікке мұнан бөлек, 40-50 жоба дайындауды тапсырамын», — деді әкім барлық аудан, қала әкімдеріне берген тапсырмасында.          Жиында Ж.Түймебаев орынбасары Ж.Бөкенбаевқа облыстың барлық мүмкіндіктерін зерттеу арқылы қосымша үлкен су қоймаларының құрылысын жүргізу бойынша ұсыныстарды жинақтап, Су ресурстары комитетіне ұсынуды жүктеді. Сондай-ақ, бюджеттен құрылысын жүргізу мүмкіндігі болмаған жағдайда, жеке меншік әріптестігі аясында іске асыруды қолға алуды тапсырды. Айта кету керек, облыс аумағында 43 су қоймасы орналасқан.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*