Отыз күн ораза ұстайтын орыс жігіт

Шымкент қаласының тумасы Виталий Мантровтың ұлты орыс, христиан дінінің өкілі. Бірақ соған қарамастан рамазан айы келгенде барша мұсылман жамағатымен бірге ауыз бекітеді. Бүгінде Алматы қаласында тұратын ол, республикалық «КТК» телеарнасының белді тілшісі. Жасыратыны жоқ, Виталийдің өзге дінде бола тұра, ораза ұстап ауыз бекітекенін естіп таңданғанымыз рас. Сондықтан, журналистің өзінен бұл жайлы сұрап білуді жөн көрдік.-Виталий біздің білуімізше сен бүгінде ораза ұстап, ауыз бекітесің. Бұған не түрткі болды?

-Иә рас, мен ораза ұстауды былтыр бастадым. Шынымды айтсам өткен жылы өте көп қыдырдым. Бойдақ болған соң, ондай-ондай болады ғой. Сондықтан ораза айы жақындаған тұста, бір ай бұрын қыдыруымды жиыстырып, ораза ұстаймын деп шештім.

-Алғашқы жылы қиын болған жоқ па?

-Аса қиын болды деп айта алмас едім. Маған тіпті ұнап қалды. Сондықтан, биыл да ауыз бекітуді жөн деп таптым.

-Сонда саған ораза несімен ұнады?

-Ораза адамды тәртіпке шақырады. Тәніңмен күресуді үйретеді. Тұла бойыңдағы көптеген жаман қасиеттерден арыласың. Мәселен, мен қазір темекі шегіп, спирттік ішімдік ішпеймін. Оның үстіне өте пайдалы. Ауыз бекіту арқылы мен былтыр өте көп қаржы үнемдедім.-Ал, былтыр оразадан соң өзіңді көп нәрседен тиып ұстап қала алдың ба?

-Турасын айтсам ұстай алмадым. Жұмысым өте қауірт болып кетті. Күш-жігерім жетпеді. Бәлкім сенімім аз болған болар!?

-Ауыз бекіткеніңе ата-анаңа қарсы емес пе?

— Әке-шешем қарсылық білдірген емес. Бұл менің шешімім. Менің шешімім талқылауға жатпайды. Оларға керісінше қызығырақ. «Сусыз, тамақсы таңертеңнен қара кешке дейін қалай жүресің» деп таңданады.

-Достарыңның ішінде ауыз бекіткісі келетіндер бар ма?

-Мен ешкімді үгіттемеймін. Ниеттеніп жүргендер бар. Бірақ, көбісі әлі дайын емеспіз деп келесі жылға қалдырады. Мен тіпті ұжымдық кештерге қатысамыз деп, оразасын бұзатын мұсылман достарыма таң қаламын. Ол дұрыс емес, осындай болмашы нәрсеге бола ауызды ашуға болмайды деп түсіндіремін оларға.-Сен ел қатарлы таңда тұрып сәрі ішіп, кешкісін мұсылман жамағатымен бірге ауыз бекітесің бе?

-Әрине. Мен де тіпті ораза айының кестесі бар. Тіпті құрма да жеймін. (Виталий өз сөзінің дәлелі ретінде ораза кестесі мен құрманың суретін жіберді) Бірақ, сұре, дұға оқымаймын. Айналамдағылар мені мұсылман дінін қабылдай ма екен дейді.  Бірден айтайын, мен діншіл емеспін. Церковьке де, мешітке де бармаймын. Менім ше дін бастысы емес. Бастысы ниетің түзу болуы тиіс. Иә мені бала кезімде шоқындырған. Бірақ ол кезде менің қалауымды ешкім сұарамады ғой. -Таңғы сағат 4-те тұрып сәресіні ішуге ерінбейсің бе?

-Жоқ ерінбеймін. Өйткені, әскерде ерте тұрып дағдыланып қалғанмын. Соның көп көмегі тиіп жатыр.

-Сенің ауыз бекітуіңе оңтүстікте, нағыз қазақ қоғамында туғаның себеп болды ма? Қалай ойлайсың?

-Иә мен Шымкент қаласында туғанмын. Бірақ, ол әсер етті деп ойламаймын. Дегенмен достарымның көбі қазақ екені рас.-Таныс, достарың сені ауызашарларға шақырады ма?

-Иә, жұмыста ұжымдастар маған арнап ауызашар жасаған. Достарым да шақырады. Шақырғаннан соң, барамын әрине.

-Ал, ауызашар сәтте барлығы дұға оқиды ғой. Сонда сен не істейсің?

-Ондай сәтте үнсіз отырып, ішкі ойыммен жаратушыға жалбарынамын. Не дегенмен бізді жаратушының бар екенін ішкі түйсігіммен сезінемін.

-Дегенмен адам жасы келе ақыл тоқтатады ғой. Бәлкім сонда өз дініңе иланып, церковьке барарсың?

-Ол жағын білмедім. Уақыт өте өмірдің өзі көрсетер. Иә, мүмкін. Оразаны алғаш ұстаған кезімдегідей бір шешімге келермін.

Сұхбатыңа рахмет!

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*