Қоқыс орнына Дендросаябақ

Тағы да бір саябақ. Шымкент қаласындағы бұрыңғы қоқыс полигоны дендрабарий бағына айналмақ. Полигонға 40 жыл бойы қалалықтардың қоқысы тасталған. Жаңадан бой көтеретін жасыл аумақ 34 гектарды алып жатыр. Қазір «Нұр ТАН строй» серіктестігі полигонды тегістеп, қажетті инфрақұрылымы жүргізуде. Жауаптылар жаңа Дендросаябақ келешекте қаланың өкпесі қызметін атқарады дейді. Яғни, зиянды газдарды бойына сіңіріп, таза ауа бөліп шығарып, экологияның жақсаруына септігін тигізбек. Екі кезеңнен тұратын жұмыстың алғашқы кезеңінде полигонның табанын тегістеу, екінші кезеңде жасыл желек отырғызу көзделген. Бірінші кезең үшін бюджеттен 600 млн тенгеден астам қаражат бөлінген. Аталған қаражат 500 орынды автотұрақ, үш ұңғыма және электр станциясын салуға жұмсалған. Бірінші кезеңнің жұмыстарын қарашаның соңында аяқтау жоспарланып отыр. Мердігер мекеме өкілдері кестеден кешікпей, дер уақытымен жұмыс істеп жатқандарын айтады. Мәселен, құрылысшылар мұнда топырақ төсеу жұмыстарын нормаға сай жүргізгендерін айтады. Жер асты суларынан қорғау, ағаштардың шірімеуі үшін жерасты қорғау белдеуі жүргізілген. Қалалық қоқыс полигонын қайта құрылымдау жұмыстары табиғатты қорғау, экологияны жақсартуға бағыттылаған жұмыстардың бір парасы. Екінші кезең бойынша ағаштарды осы күзде отырғызу жоспарланған екен. Алайда келесі көктемге қалып отыр. Мұнда емен, шынар, шаған, үйеңкі ағаштары отырғызылады. Жалпы алғанда, 6800 ағаш, 160 мың дана гүл егіліп, 260 шаршы метр газон төселмек. Жаңа мекенді жасыл желекке айналдыруға бюджеттен 1,2 млрд бөлінген. Аз қаржы емес, әрине. Алайда көпшіліктің игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстың нәтижесі жоғары болары анық.


Айта кетейік, жаңа қоқыс полигоны Қазығұрт ауданына баратын үлкен жолдың бойына, қала сыртына шығарылған. «Таза қала» ЖШС өндіріс бойынша орынбасары Ернұр Айдархановтың айтуынша, мұнда күніне 500 тонна қалдық әкелінеді. Оның басым бөлігі пластик бөтелкелер мен картон қағаздар. Оны іріктеп қайта өңдеуге жіберіледі. Қалғандары 20 гектар аумақта қатталады. Қоқыс полигонының пайдалану мерзімі 10 жылға есептелінген. Ашылғанына көп бола қоймаса да бүгінде 20 пайызы толып тұр.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*