Ақбөкендерді аялайық!

«Киікті кейінгі ұрпаққа сақтайық». «Охотзоопром» өңірлік басқармасы «Қызыл кітапқа» енген осы бір жанаурларды қорғау мақсатында өңіріміздегі шалғай шетте жатқан ауыл аумақтарды аралап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Мамандар үгіт-ағартушылық жұмыстарын мектеп оқушыларынан бастады. «Айнала қоршаған ортаны қорғау, сирек кездесетін аңдарға қамқорлық танытуды бала жастан құлағына құйған абзал»,- дейді олар. «Охотзоопром» мекемесінің мамандары алдымен Арыс қаласындағы С.Адамбеков атындағы жалпы орта мектебіне ат басын бұрды.


— «Охотзоопром» мекемесінің оңтүстікте Арыс және Қаратау қорықтары бар. Осы мектеп сол қорықшалардың іргесінде орналасқан. Сондықтан осы мектеп оқушыларына аңдарды қорғау, табиғат қорғауды құлақтаныдыру үшін осында арнайы келіп отырмыз. Жергілікті халыққа түсіндіру міндетіміз,- дейді «Охотзоопромның» ғылыми қызметкері Бақтияр Жұмабайұлы.
Жиын барысында табиғат жанашырлары мектеп оқушыларына экологиялық сауаттылықты арттырып, әрбір қоғам мүшесі сирек кездесетін аң-құстарды қорғауда белсенділік таныту қажеттігін түсіндіріп өтті. Ал егер «Қызыл кітапқа» енгізілген аңдарды атып, сатып, мүйізін кесіп саудаға салған жағдайда заң басынан сипамайтынын, оның жазасы ауыр болатынын жеткізді. Осындай қылмыспен қолға түскен қаскесерлердің мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындығы жөнінде бейнеролик көрсетілді. Тұщымды дүние оқушыларға ой салды.
Бұдан кейінгі жиын Шардара қаласындағы №16 колледж бен Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде жалғасты. Оқушылар өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды. Экологиялық бағыттағы байқауларға қатысып жүрген оқушылар осы сарындас насихат жұмыстарының берері көп екендігін ортаға салды. Жалпы «Охотзоопром» мекемесі жыл басынан бері өңіріміздегі 29 мектепте үгіт-насихат жұмыстарын өткізген. Ұйықтататын баяндамалар мен есінететін жиындардан көрі оқушылардың қызығушылығын оятатын осындай ағартушылық бағыттағы кездесулердің берері көп.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*