Ө.ШӨКЕЕВ: Шардараны дамытуға күш саламыз

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев күрделі жөндеуден өткен Шардара қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесті. Облыс әкімі жиналған жұртқа аудандағы бірқатар  күрделі мәселенің түйінін тарқатып айтты.

«Тұрғын үй-қорын жаңғырту» бағдарламасы аясында кондоминиум құрылып, тұтастай жаңарған үйлердің қазіргі жағдайы тұрғындардың көңілінен шыққан.

«Халықтың алғысы — еңбектің шынайы бағасы. Сіздердің осындай керемет көңіл-күйлеріңізді көру біз үшін өте маңызды. Ауданда қордаланған мәселелер  баршылық. Әсіресе ауыз су мәселесі өзекті. Кезең — кезеңмен бұл қиындықтар да шешімін табады. Көпқабатты тұрғын үйлерге газ жеткізіп, жылумен қамтамасыз ету де жоспарлы түрде жүзеге асады. Шардараны дамытуға күш саламыз»,-деді облыс әкімі тұрғындармен кездесу кезінде.

Аймақ басшысы Шардара ауданына жұмыс сапары барысында Ақберді елді мекеніндегі ГРС-18 газ тарату стансасында болды. Бүгінде аудан халқының тең жартысы газбен қамтылған. Алдағы 4 жылда тағы 16 елді мекенге көгілдір отын жеткізіліп, Шардара ауданы 96,8%-ға табиғи газбен қамтамасыз етіледі.

Өмірзақ Естайұлы аудандағы бірқатар кәсіпорындарды аралап, жаңа жобалармен танысты. Еуропа нарығына балық экспорттаудың көзін тапқан зауытта болып, қанатқақты жобаның жоспарымен танысты. Кәсіпорын мұздатылған сазан мен көксерке балығын Германия, Дания, Литва мен Ресейге экспорттайды. Зауыт алда кеңейтіліп, қақталған балық және балық жемі мен майын шығармақ.

Іссапар барысында аймақ басшысы Шардара су қоймасында жүріп жатқан сейсмикалық төзімділікті күшейту және жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Ауқымды жұмыстың аяқталу мерзімі келер жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Шардара – шалқар көл. Жағалауы шаңсыз алтын құм. Яғни, ішкі туризмді дамытуға нағыз лайық жер. Көлдің жағалауында  демалыс орындарын көбейту көзделген.

Үкімет тарапынан мақұлданған жобаның инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Қызылқұм су арнасын жаңғырту жұмысына да аса мән берілген.

Өмірзақ Естайұлы жұмыс сапары барысында инвесторлар тарапынан жүзеге  асып жатқан жобалармен танысты. Көрші Өзбекстан мемлекетінің кәсіпкерлермен бірлескен жоба жаңа технологияларды қолдану арқылы мақта дақылын өсірумен айналысуды қолға алған.

Сонымен қатар Достық ауылдық округінде орналасқан қауынғақ өнімдерін шығаратын кәсіпорнын жобасының жетекшілерімен жүздесті. Жаңа өндіріс орны неміс технологиясының көмегімен тәулігіне 1,5 тонна қауынғақ өнімдерін шығарады. Ол үшін өңірде барлық қолайлы жағдай жасалған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*