БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ 29 ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ

Түркістан облысында ауыз су саласына 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталды, қалған 34 нысан 2024 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 мөлтек ауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысымен, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық мәжілісінде ауыз су мәселесін арнайы күн тәртібіне шығарып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Мемлекет басшысы 2025 жылы өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Жауапкершілікпен қараңыздар. Жерасты су көздерін геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Екіншіден, нысанды салу тапсырысын жеңіп алған мердігерлер мен кәсіпкерлердің жұмысын қадағалаңыздар. Әрбір су нысаны сапалы әрі уақтылы тапсырлуы тиіс. Аузы сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, ізденістер, зерттеулер қажет. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдері осы міндеттерді орындасын. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – басты міндет, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 70 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ –4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.
2024 жылдың қорытындысымен, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.
Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға 2024 жылға ОБ есебінен 336,8 млн. теңге бөлінді.
Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*