Мамыр айының басында еліміздің Өзбекстанмен шекаралас соңғы нүктесі – Мақтаарал ауданын су басты. Көршілес Өзбекстан республикасы Сырдария облысындағы «Сардоба» су қоймасы бұзылып мақталы өлкенің біраз елді мекендерін су басты. Мақтааралдағы апатты жағдайдан баспаналары зардап шеккен ауыл тұрғындары көршілес Жетісай ауданына уақытша эвакуацияланып, N8 жалпы орта мектебіне жайғастырылды.
Орын алған оқиғаға байланысты еліміздің түкпір-түкпірінен бүгінде гуманитарлық, материалдық көмектер ағылып келуде.
Елдің бірлігі мен ынтымағы сынға түскен сәтте а қтөбелік азаматтар да қол қусырып қалмады. Жетісайдан шамамен 3 мың шақырымға жуық қашықтықта орналасқан облыстың қайырымды жандары 27 газельмен көмек жіберген. Негізінен азық-түлікпен қатар киім-кешек пен күнделікті тұтыну, гигиеналық және химиялық заттарды тиеген көліктер эвакуациялық орталыққа жайғастырылған және «ҚАМҚОРЛЫҚ» бағдарламасы аясында әлеуеті әлжуаз отбасыларға қамқорлық көрсетті. Су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған жандармен жүздесіп, сабырға шақырды.
«Орын алған оқиға ешкімді бей-жай қалдырмады. Бәріміз де ауыр қабылдадық. Ең бастысы – адам шығыны жоқ. Соған шүкір. Көршісінің басына күн туғанда барымен бөлісіп, кеудесінен итермеген жетісайлық жұртшылыққа алғысымыз шексіз» дейді ақтөбелік азаматтар.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру