Халық үніне құлақ асатын мемлекет

­

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде қала әкімі Мұрат Әйтенов көп уақытын тұрғындармен кездесіп, елді мекендердің жағдайымен жақыннан танысуға арнап жүр. Халықпен кездесу барысында көтерілген түйткілді проблемаларды тыңдап, олардың шешу жолдарын қарастыруда.
Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Нұрсәт шағынауданындағы №18, 19 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездескен болатын. Онда тұрғындар 2016 жылы салынған тұрғын үйлердің қабырғаларының сылағы көшіп, жауын-шашынға шыдас бермей, түсе бастағаны туралы айтып, үйдің сыртын қайта жөндеп беру туралы өтініштерін айтқан болатын.
Қала басшысы тұрғындарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жан-жақты тетікті қарастырып, жақын күндері барлық мәселе оң шешімін табатынына сенім білдіріп, уәде еткен болатын. Енді міне, «Нұрсәт» шағынауданындағы аталған тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары басталып кетті. Үйлердің қасбетін ретке келтіру жұмыстарына «А.Р.Т-Құрылыс» компаниясы демеуші болып отыр. Аталған компания нысандарды алдағы бір айда қайта қалпына келтірілетінін айтуда. Құрылыс жұмыстарына 30 жұмысшы тартылған. Тұрғын үйлердің сырты заман талабына сай Шымкенттегі «Бесқұдық тас» зауыты өндіретін травертин құрылыс материалымен қапталуда.
Мегаполистің әкімі болып тағайындалған үш айдан астам уақытта қала басшысы көптеген мәселелері шешілмей келе жатқан елді мекендердің жұмысымен танысып, ондағы халықпен тілдескен болатын. Олардың әрбір көтерген проблемалары хаттамаға енгізіліп, тиімді шешу жолдары қарастырылып жатқанын назарларыңызға жеткізгіміз келеді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*