Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында өңірдегі қылмыстың алдын алу, мүліктік қылмыстарды азайту, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесі мен қаржылық пирамидаларға қарсы күресті күшейту мәселелері қаралды.
Отырыста Ұрлықтарға қарсы іс-қимылдың 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы сараланып, пәтер, автокөлік, мал, қалта және ұялы телефон ұрлығының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар заңсыз ойын бизнесі, онлайн-казинолар, қаржылық пирамидалар және қаржылық алаяқтықтың алдын алу шаралары кеңінен сөз болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту үшін аудан және қала әкімдіктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүйелі іс-шаралар жүргізуі қажет екенін атап өтті.
– Өңірімізде қылмыстың алдын алу мақсатында аудан, қала әкімдіктері құқық қорғау органдарымен бірлесіп нақты іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруы тиіс. Ұрлық жиі тіркелетін аудан-қалаларда рейдтік жұмыстарды күшейтіп, алдын алу шараларын жандандыру қажет. Сонымен қатар қаржылық пирамидалардың жолын кесу, қаржылық алаяқтық пен лудоманияға қарсы күресті күшейтіп, экономикалық қылмыстардың деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шаралар қабылдануы керек. Заңсыз ойын алаңдарына қатысты жан-жақты талдау жүргізіліп, алдын алу жұмыстары күшейтілсін. Берілген тапсырмалар белгіленген мерзімде сапалы орындалып, нәтижесі туралы облыс әкімі аппаратына ақпарат ұсынылсын, – деді өңір басшысы.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста жалпы қылмыс деңгейі төмендеген. Дегенмен ұялы телефон мен мал ұрлығының арту себептері жан-жақты талданып, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Келес және Төлеби аудандарындағы ахуалға ерекше назар аударылды.
Облыс әкімі аталған аудандарда жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын күшейтіп, алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыруды тапсырды.
Екінші мәселе бойынша Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының бастығы Диас Тобатаев баяндама жасап, заңсыз ойын бизнесіне, онлайн-казинолар мен қаржылық пирамидаларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Жиында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру, лудоманияның алдын алу, құмар ойындарға тәуелді азаматтарға қатысты талдау жұмыстарын жүйелеу және қаржылық алаяқтыққа қарсы түсіндіру шараларын күшейту қажеттігі айтылды.
Кеңес қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.
