Созақ ауданында тұрғын үй саясаты жаңа кезеңге қадам басты. Биыл аудан әкімдігі 2025–2030 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын бекітіп, тұрғын үй саласын ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған кешенді жоспарды іске қосты. Бағдарлама елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартумен қатар тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз баспанада өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – тозған тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңарту және қажет болған жағдайда тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету. Сонымен бірге инженерлік желілерді дамыту, құрылыс саласына инвестиция тарту және жаңартуды қажет ететін аумақтарды кешенді игеру жұмыстары қарастырылған.
Бұл бастамалар ауданның қаржылық жоспарларымен де үндесіп отыр. 2026 жылғы бюджетте тұрғын үй шаруашылығына 1 миллиард 268 миллион теңге бөлінсе, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға тағы 956,6 миллион теңге бағытталды. Коммуналдық тұрғын үй қорын толықтыруға арналған қаржы көлемі 312 миллион теңгені құрайды.
Бағдарлама нақты құрылыс жобаларымен де толықтырылып келеді. Соңғы уақытта пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйлер аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік қолдау болды. Сонымен қатар қазіргі уақытта бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда.
Тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – жеке инвестицияларды тартуға жағдай жасау. Бұл алдағы уақытта тұрғын үй құрылысын әртараптандырып, жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағдарлама құрылыс саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының дамуына оң ықпал етуді көздейді.
Жаңа жоспарлар мен нақты жобалардың қатар жүзеге асуы Созақ ауданында тұрғын үй саясатының ұзақ мерзімді негізде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ауданның келешек дамуына берік негіз қалыптастырады.
