kungei.kz
Маңызды жаңалықтарды
бізге WhatsApp арқылы жіберсеңіз болады:
+7 702 474 2494
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Заң
  • Экономика
  • Білім
  • Мәдениет
  • Спорт
  • Жаңа Қазақстан
  • Әлемде
No Result
View All Result
  • Қоғам
  • Cаясат
  • Заң
  • Экономика
  • Білім
  • Мәдениет
  • Спорт
  • Жаңа Қазақстан
  • Әлемде
No Result
View All Result
kungei.kz
No Result
View All Result
Home Әлеумет

СОЗАҚТА БАСПАНА БАҚЫТЫ: АСТАНА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 25 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ҚОНЫСТАНДЫ

3 июля, 2026
in Әлеумет
0
СОЗАҚТА БАСПАНА БАҚЫТЫ: АСТАНА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА 25 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРГЕ ҚОНЫСТАНДЫ

default

0
SHARES
6
VIEWS
Share on FacebookShare on Twitter

Астана күні қарсаңында Созақ ауданында ондаған отбасының көптен күткен арманы орындалды. Жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жаңа қоныстың кілтін алып, мерекені ерекше көңіл күймен қарсы алды. Әлеуметтік қолдау шараларының нақты нәтижесін көрсеткен бұл игі бастама баспанаға мұқтаж тұрғындардың үмітін нығайтып, өңірдегі тұрғын үй құрылысының жүйелі түрде жалғасып жатқанын тағы бір мәрте аңғартты.

Салтанатты шара аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында өтті. Мұнда әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтар мен көпбалалы отбасылардан құралған 25 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Бірі ұзақ жылдар бойы кезекте тұрса, енді бірі балаларын кең әрі жайлы баспанада тәрбиелеуді армандаған еді. Бүгін сол армандардың орындалған күні болды.

Кілт табыстау рәсіміне аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары және жаңа қоныс иелері қатысты. Шара барысында жаңа баспаналар арнайы араланып, тұрғындармен емен-жарқын әңгіме өрбіді.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ауданымызда тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлінуде. Баспана – әрбір отбасының тұрақтылығы мен берекесінің негізі. Бүгінгі қуаныш – әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев жаңа қоныс иелеріне ақжарма тілегін білдіріп, баспананың әр шаңыраққа құт-береке әкелуіне тілектестік танытты.

Жаңа пәтер иелері де өз қуаныштарын жасырмады. Олар көптен күткен баспаналы болу бақытына қол жеткізгендерін айтып, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл тек жаңа үй ғана емес, балалардың жарқын болашағына жасалған маңызды қадам.

Айта кетейік, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және оларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі таңда бұл қызмет «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Пәтерлер тұрғындардың әлеуметтік мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде беріледі.

Созақ ауданында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы тұрақты қарқын алған. Әсіресе Жеткіншек мөлтек ауданында жаңа тұрғын үйлердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Бұған дейін Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі қарсаңында дәл осы ауданда 29 отбасы жаңа қонысқа ие болса, енді міне тағы 25 отбасы баспаналы болды.

Сонымен қатар қазіргі таңда тағы 22 пәтерді пайдалануға беру үшін қажетті құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық рәсімдер толық аяқталған соң бұл баспаналар да тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға кезең-кезеңімен табысталады.

Тұрғын үй құрылысы мұнымен шектелмейді. Аудан орталығында 20 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл жобалар алдағы уақытта баспанаға мұқтаж азаматтардың санын азайтып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Созақ ауданында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жаңа үйлердің пайдалануға берілуі ондаған отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, ауданның инфрақұрылымдық дамуына да серпін беріп отыр.

Tags: Созақ ауданыТүркістан облысы
Previous Post

ТҮРКІСТАНДА ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙТІЛЕДІ

Next Post

СОЗАҚТА ТАЙҚОҢЫРДЫҢ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛІП, АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ ЖАҢА ҰҢҒЫМА ҚАЗЫЛАДЫ

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

        kungei.kz ақпарат агенттігі

Сайт әкімшілігі материалды көшіріп басу кезінде kungei.kz сайтына тікелей гиперсілтеме көрсетуді талап етеді



      Барлық құқықтары қорғалған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тіркелген. Тіркеу туралы куәлік №
Электронды почта: info@kungei.kz

No Result
View All Result
  • Жаңалықтар
  • Cаясат
  • Қоғам
  • Билік

saqinfo.kz ақпарат агенттігі