2026 жылғы 28 шілдеде Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және шетелде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасы аясында, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өңірлік жоба шеңберінде ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – Қожа Ахмет Ясауидің рухани-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жастардың рухани тәрбиесін нығайту.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, белгілі ғалымдар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Семинарды Мұрат Тастанбеков жүргізіп, Мемлекет басшысының Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасына тоқталды. Ол «Ясауи керуені» жобасы Түркістан облысының барлық қала-аудандарын қамтитынын атап өтті.
Іс-шараны ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеудің рухани әрі қоғамдық маңызына тоқталды.
Семинар барысында ғалымдар Ясауи мұрасын жан-жақты талқылады. Профессор Досай Кенжетай ұлы ойшылдың тарихи және рухани тұлғасын сараласа, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, ойшыл мұрасының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін кеңінен түсіндірді.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, «Диуани хикметтің» адамгершілік пен имандылықты насихаттаудағы маңызын атап өтті. Ал философия докторы Мұхит Төлеген Ясауи ілімінің қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымымен сабақтастығын ғылыми тұрғыдан баяндады.
Баяндамалардан кейін қатысушылар пікір алмасып, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу, оны жастар тәрбиесінде пайдалану және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту мәселелерін талқылады.
Семинарды қорытындылаған Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы күллі түркі әлеміне ортақ баға жетпес құндылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Диуани хикметте» көрініс тапқан адамгершілік, әділдік, мейірім мен рухани кемелдену қағидалары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ және жастар тәрбиесінде маңызды рухани негіз болып қала береді.
Айта кетейік, «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық жобасы алдағы уақытта Түркістан облысының барлық қала және аудандарында жалғасып, ұлы ойшылдың бай рухани мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараларды қамтитын болады.
