Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен өткен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне арналған мәжілісте аудан экономикасының негізгі салалары жан-жақты сараланып, алдағы кезеңнің басым міндеттері айқындалды. Жиында экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, инвестиция, кәсіпкерлік, құрылыс, жұмыспен қамту және өзге де негізгі индикаторлардың орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Мәжіліс барысында аудан басшысы өнеркәсіп саласының көрсеткіштеріне ерекше назар аударып, жоспарланған межелердің уақытылы әрі сапалы орындалуы аудан экономикасының тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, көрсеткіштері төмен бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдап, жауапты сала басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырды.
Созақ ауданы Түркістан облысындағы ең ірі өнеркәсіптік аудандардың бірі саналады. Аудан экономикасының негізгі драйвері – тау-кен өндірісі. Жалпы өңірлік өнімнің басым бөлігі өнеркәсіп саласының үлесінде болса, оның ішінде уран өндіру жетекші орында тұр. Бұл көрсеткіш ауданның өндірістік әлеуетінің жоғары екенін аңғартады.
Бүгінде өнеркәсіпті әртараптандыру Созақ үшін стратегиялық міндетке айналып отыр. Себебі аудан экономикасының уран өндірісіне тәуелділігі сақталуда. Осыған байланысты өңірде өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және инвесторлар тарту бағытындағы жұмыстарға басымдық берілуде. Бұл мәселе облыс деңгейінде де бірнеше рет көтеріліп, экономиканы әртараптандыру бойынша нақты жол карталарын әзірлеу тапсырылған.
Қазіргі таңда ауданда ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Солардың қатарында жылдық қуаты 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытының құрылысы ерекше маңызға ие. Бұл жоба уран өндірісіне қажетті негізгі химиялық өнімді жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік беріп, импортқа тәуелділікті азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Сонымен қатар алдағы жылдары табиғи газ өндіру, минералды тыңайтқыш шығару, химия өнеркәсібін дамыту және өндірістік инфрақұрылымды кеңейту бағытында бірнеше ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Жалпы құны шамамен 1 триллион теңгені құрайтын 13 жобаның жүзеге асуы аудан экономикасына тың серпін беріп, жаңа өндірістердің ашылуына, мыңдаған жұмыс орнының құрылуына және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Соған қарамастан, шешімін қажет ететін мәселелер де бар. Өңдеу өнеркәсібінің үлесін ұлғайту, шағын және орта бизнестің өндіріс секторындағы белсенділігін арттыру, жергілікті шикізатты терең өңдеу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындардың санын көбейту – алдағы кезеңнің маңызды міндеттері. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан экономикасының бір ғана салаға тәуелділігін азайтып, тұрақты өсімді қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков әрбір сала бойынша белгіленген көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды, инвестициялық жобаларды мерзімінде іске асыруды және өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Өнеркәсіп саласының тұрақты дамуы – Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізгі кепілі. Сондықтан жаңа өндірістерді іске қосу, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өнім өндіру алдағы жылдары ауданның даму саясатының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.
