Мақтаарал десе, ең алдымен көзге мақта алқаптары мен ақ алтынға айналған өнім елестейді. Алайда соңғы жылдары ауданның мақта шаруашылығындағы бағыты өзгеріп келеді. Бұрын негізгі міндет шитті мақта өсіріп, оны алғашқы өңдеуден өткізу болса, бүгінде Мақтааралда шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық берілуде. Бұл өзгеріс аудан экономикасын әртараптандырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Мақтаарал үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданда 35,1 мың гектар алқаптан 99,1 мың тонна мақта жиналды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 85,7 млрд теңгеге жетсе, өнеркәсіп өндірісі 24,6 млрд теңгені құрап, бір жылда 21,9 пайызға өскен. Яғни мақта шаруашылығы біртіндеп ауыл шаруашылығы шеңберінен шығып, өңдеу өнеркәсібімен тығыз байланысқан экономикалық тізбекке айналып келеді.
Бұл өзгерістің алғашқы маңызды қадамдарының бірі – «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауытының іске қосылуы. Кәсіпорын жылына 80 мың тоннаға дейін мақта талшығын өндіруге қауқарлы. Зауыт тәулігіне 600 тонна шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығы, мақта шиті, линт және басқа да өнімдер шығарады. Кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ең маңыздысы – өнім тек ішкі нарықпен шектелмей, Қытай, Түркия, Еуропа, Тәжікстан, Иран және Қырғызстан бағыттарына экспортталуда.
Зауыт маңында өндірістің келесі буынын қалыптастыратын жобалар да қолға алынған. Атап айтқанда, тамшылатып суғару таспасын шығару және мақта тұқымын өңдеу өндірістерін дамыту жоспарланған. Бұл жобалардың жалпы құны 3 млрд теңге шамасында. Мұндай кәсіпорындардың пайда болуы мақта өндірісін тек жинау және тазалаумен шектемей, оның қосалқы өнімдерін де экономикалық айналымға енгізуге жол ашады.
Ауданда мақтадан дайын өнімге дейінгі тізбекті қалыптастырудың тағы бір бағыты – май өндірісі. 2025 жылы Мақтааралда жылына 5 мың тонна мақта майын өңдеу өндірісін іске асыру жобасы жоспарланған болатын. Сонымен қатар, қазіргі таңда Игілік елді мекенінде «Хамро ата» ЖШС-нің мақта майын өңдеу зауыты салынып жатыр. Жобаның құны – 1 млрд теңге. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған, өндірісті 2026 жылдың үшінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдеп, 36 жаңа жұмыс орнын ашпақ.
Мұнымен қатар арнайы экономикалық аймақта «Мақтарал Xing Feng» компаниясының құны 5,8 млрд теңгелік мақта және мақта майын өңдеу зауытының құрылысы басталған. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна мақта өңдеп, 10 мың тонна мақта майын өндіруге есептелген. Жоба толық іске қосылғанда 150 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мақтааралдың өңдеу өнеркәсібіндегі келесі үлкен мақсат – толыққанды мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру. Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жоспарларында аудан аумағында құны 21 млрд теңге болатын мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб құру көзделген. Жобаның қуаты 160 мың тоннаға дейін жетіп, толық циклді өндірісті 2026–2027 жылдары іске қосу жоспарланған. Бұл мақта талшығын ғана емес, одан әрі тоқыма және тігін өнімдерін шығаруға мүмкіндік беретін жаңа кезең болмақ.
Жергілікті деңгейде де тоқыма және тігін өндірісіне алғашқы қадамдар жасалып жатыр. 2025 жылы ауданда жылына 10 мың метр мата өндіру жобасы, 30 мың дана мектеп формасын тігу өндірісі және мақта талшығынан өнім шығаратын цехтар қолға алынған. Бұл бастамалар шикізатты сыртқа жөнелтумен шектелмей, оны ауданның өзінде қайта өңдеп, дайын тауарға айналдыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Мақтааралда мақта кластерін дамытуға арналған ауқымды жоспар бар. 2024–2030 жылдары мақта бағыты бойынша 70 млрд теңге көлемінде 8 ірі жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде мақта және мақта майын өңдеу, тоқыма өндірісі, логистика және басқа да бағыттар қамтылған. Ауданның индустриалды аймағында жаңа өндірістердің қатар көбеюі осы жоспардың кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.
Мақтаарал үшін бұл – жай ғана жаңа зауыттардың ашылуы емес, экономикалық модельдің өзгеруі. Шаруаның алқабынан шыққан мақта енді тазартылып, талшыққа, майға, тұқымға, кейін мата мен дайын киімге айналатын өндірістік тізбектің негізіне айналуы тиіс. Мұндай жүйе жергілікті кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік беріп, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға, салық түсімдерін арттыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.
Ең бастысы – Мақтааралдың «ақ алтын» өндіретін өңір ретіндегі дәстүрлі бейнесі сақтала отырып, оның мазмұны жаңарып келеді. Ендігі міндет – мақтаны тек шикізат ретінде сатпай, одан барынша көп қосылған құн қалыптастыру. Егер жоспарланған жобалар толық қуатында іске қосылса, Мақтаарал алдағы жылдары Қазақстандағы мақта өсірудің ғана емес, мақтаны терең өңдеу мен дайын өнім шығарудың да маңызды орталығына айналуы мүмкін.
