Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша кезекті мәрте қабылдады. Қабылдауға 30-дан астам тұрғын қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды. Кездесу барысында тұрғындар негізінен тұрғын үй, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік мәселелер және өзге де бағыттар бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғын үй мәселесі көтерген азаматтардың сауалдарына ерекше назар аударылды. Аудан басшысы әрбір тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарастырды. Бірқатар өтініштер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер бақылауға алынды.
Тұрғындарға ауданда баспанамен қамту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, қазіргі таңда Созақ ауданында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып, коммуналдық тұрғын үй қорын кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқаны түсіндірілді. Қазіргі уақытта аудан көлемінде 76 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Шолаққорғандағы Жеткіншек мөлтек ауданында екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ аудан орталығында тағы бір 16 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындардың игілігіне табысталған болатын.
Қабылдауға бөлімдер мен мекеме басшылары, сондай-ақ бірқатар ауылдық округ әкімдері де қатысты. Олар тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, көтерілген мәселелердің заң аясында шешілу жолдарын түсіндірді. Осындай ашық форматтағы кездесулер тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тікелей тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ететін маңызды алаңға айналып келеді. Ал тұрғын үй саласында қолға алынған жүйелі жұмыстар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар аудан тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын көрсетеді.
