Әлемде шахмат – ақыл-ойды дамытатын спорт түрі болып саналады. Бүгін бір айдан бері республика өңірін аралап келе жатқан «Шахмат керуені» Шымкентке келді. 10 қыркүйекте жолға шыққан керуен бұған дейін Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Семейден бастап, 10 қаланы жүріп өтті.
Керуеннің келуіне орай салтанатты шара өтіп, Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қаласындағы филиалы ашылды.
Арнайы тігілген мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір мезеттік ойын сеансы, сондай-ақ «Шахмат керуенінің» жартылай финалы ұйымдастырылды.
Қазақстан шахмат федерациясының маркетинг директоры Ернұр Советқалидің айтуынша, облыстық кезеңде оза шапқан I, II және III орын жеңімпаздарына 100 000, 50 000, 30 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі. Сондай-ақ олар қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады. Бас финалдың жүлде қоры – 5 000 000 теңге. “Одан бөлек, әр жартылай финалдың 3 қатысушысы «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже», «50 жастан жоғары үздік қатысушы» және «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болады”,-дейді ұйымдастырушылар.
Шымкент қаласының шахмат федерациясы мен дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе шахмат спортын жалпы орта мектептерде жүргізу мақсатында дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне 36 сағатты қамтитын семинар өткізіліп, 324 мұғалімге сертификат тапсырылды.
Қазіргі таңда мектептерде ашылған шахмат үйірмелерінде 20 мыңнан аса бала қамтылып отыр. Ал, кәсіпкерлер тарапынан ашылған ұйымдар мен орталықтарда 1000-ға жуық бала шахмат секциясында шеберліктерін арттыруда. Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін қала аумағындағы саябақтарда арнайы шахмат үстелдері мен алаңы орнатылған.
Керуен идеясы саудамен қатар, елдердің мәдени және спорттық мұрасын әлемге танытқан Ұлы Жібек жолына негізделген.
Екі ай ішінде еліміздің 18 аймағын аралап жүріп, турнир өткізетін автокеруен соңы қараша айында Түркістан қаласында қорытындыланбақ.
Пікір қалдыру