Шымкент қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 5 азамат тіркелді. Бұл науқастардың барлығы бесінші сәуір күні індет анықталған 24 жастағы азаматпен тығыз байланыста болған отбасы мүшелері. Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте мәлім етті.
Басқарма өкілінің сөзіне сенсек, індетті жұқтырған отбасы мүшелері қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында бақылауда болған. Инфекцияны анықтау бойынша жүргізілген зертханалық тексеруден COVID-19 сынамасы оң нәтиже көрсетті. Науқастардың барлығына қажетті ем тағайындалды, жағдайлары қанағаттанарлық.
Науқастармен байланыста болған жетпіс бес азамат анықталды. Олардың барлығы оқшауланып, медициналық бақылауға алынды.
Қазіргі таңда Шымкентте коронавирус инфекциясына шалдыққан он тоғыз жағдай тіркелген. Сонымен қатар, Түркістан облысынан екі науқас қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Бұл науқастарға жансақтау бөлімінде тиісті ем көрсетілуде.
Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабы
Пікір қалдыру