Әр адамың басына түскен сынақ әрқилы. Бірі жазатайым оқиғадан жапа шексе, енді бірі туа бітті кемістікке тап болып, қазіргі қоғам тілімен айтқанда «мүмкіндігі шектеулі» деген топқа жіктеліп жатады. Басқа түссе пенде тағдырдың кез келген сынағына төзеді. Бұл бағытта мемлекет оларға өзгелермен тең дәрежеде жүріп-тұрып, кедергісіз өмір сүрулеріне қажетті жағдайлармен қамтуды басты назарда ұстауда.
Қазан айының екінші жексенбісі елімізде мүгедектігі бар азаматтардың күні болып белгіленген.
Осыған орай, ерекше жандардың құрметіне, Опера және балет театрында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығының ұйымдастыруымен мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиынға 300-ге жуық азамат шақырылып, тарту-таралғы жасалды.
Бүгінде мегаполисте 40 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде 8 мыңға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар. Оларға мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілуде. Арнайы әлеуметтік портал ашылған.
Жыл басынан порталға келіп түскен өтініш саны 28 мыңнан асса, өтініш иелері протездік-ортопедиялық көмек құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен, қол арбалармен, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметімен, шипажайларға тегін жолдамалармен қамтылды.
Сондай-ақ арнайы жабдықталған «Инватакси» көліктеріне 625 өтінім қабылданып, қызмет көрсетілуде.
Айта кетейік, әлеуметтік қызметтер порталының мүмкіндіктеріне сәйкес қолданба арқылы азаматтар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен уақытылы жеткізілмегеніне қатысты шағымдана алады.
Қолдауға зәру адамдардың өміріне бей-жай қарамайтындардың барлығын, олардың ерлігіне, табандылығына, таланты мен ерекше қабілеттеріне бас иетіндерді бір арнаға біріктіретінін ұғындық. Жалпы қоғамда мүгедектерге қатысты адамгершілік атмосферасын қолдай отырып, күнделікті өзекті мәселелерін шешуге тиісінше назар аударып, осылайша мейірімділік пен қамқорлық сезімін көрсету игі дәстүрге айналады деген сенімдеміз.
Пікір қалдыру