Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар ағымы және жүк көліктері қозғалысы үшін аса маңызды бекет тәулік бойы жұмыс істейді. Облыс әкімі шекарадағы тауар айналымын заң жүзінде реттеу, жұмысты жүйелеу жөнінде ұсыныс-пікірлерін айтты. Жауапты тұлғалардың жұмыс барысы туралы ойларын тыңдады.
– Түркістан облысының көліктік-логистикалық әлеуеті өте жоғары. Өзбекстанмен шектесетін Сарыағаш ауданының да мүмкіндігі зор. Сондықтан кеден бекетінің әлеуетін пайдаланып, жұмыс орындарын көбейтуге, ел табысын молайтуға болады. Жүйелі жұмыс істелуі тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Е.Тұрысов «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысын баяндады. Кеден бекеті арқылы күнделікті 1000-ға жуық жеңіл автокөлік және 50 шақты жолаушылар автобусы өтеді. Жаяу жүргіншілер де көп.
Кездесуде облыс әкімі тарапынан өткізу пунктінде азаматтарға қолайлы жағдай жасау, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында туризмді дамытуға мүмкіндік жасау, кеден бекетінің инфрақұрылымын модернизациялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, кеден бекетінің маңындағы валюта айырбастау пунктерінің жұмысын реттеу, кеден бекетіне кіреберіс жолда тазалық сақтау, шекаралық бақылаудан өтетін азаматтарға құжаттық бақылауды автоматтандыру жөнінде тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.
Пікір қалдыру