АЭС САЛУДЫҢ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ ОРАСАН

Өздеріңізге жақсы мәлім, 2024 жылдың 2-ші қыркүйегі күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»  атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының басты тоғыз бағытын атап өтті. Төртінші бағыты инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешуде энергия тапшылығын жою мақсатында елімізде атом электр стансасын салу туралы әңгіме қозғалды. Мемлекет басшысы  Үкіметтің ұсынысын қолдап  6 қазанда бүкілхалықтық  референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл Тәуелсіз еліміздің демократиялық  жолмен дамуының, Жаңа Қазақстанды, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатқанымыздың айқын көрінісі. Негізі елімізге АЭС керектігі 2007 жылдан бері айтылып келеді. Бір шешімге келетін сәт туды. Бұл мәселені шешуді  бүгін бастамасақ, ертең энергия тапшылығы арта түседі. Ал, атом стансасы бір күнде тұрмайды, оны  салуға біраз жылдар кетеді. Мысалы, мұндай стансаларды  104-ке дейін салған мемлекеттер бар.

Экономика мен энергетика саласы әртүрлі сала болғанымен, бір-біріне тәуелді. Экономиканы энергетикасыз, энергетиканы экнономикасыз елестету қиын. Яғни, энергетика дамымаса, экономикада да алға жылжу болмайды. Қуат көзі бір сағатқа өшсе, бірнеше сала зардап шегеді. Сондықтан бүгінде адамзат энергетикаға өте тәуелді. Экономикамыз гүлденіп, алға бассын десек, бірінші кезекте энергетика саласын дамыту керек. Өйткені алдымызда энергия жетіспеушілігі сынды әлемдік мәселе күн тәртібінен түспей келеді. осы мәселені шешудің бір жолы – ғылым жетістігі саналатын АЭС салу екенін дамыған мемлекеттер әлдеқашан мойындаған.

Энергетикалық тәуелсіздік кез келген мемлекеттің негізі, оның экономикалық тұрақтылығына, ұлттық қауіпсіздігіне және сол елде өмір сүріп жатқан барша халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. АЭС қауіпсіз әрі таза энергия көзі ретінде танымал.

Мемлекет басшысының Жарлығынан кейін қоғамда екі ұдайы пікір туындағаны рас. Қоғамдағы атом энергетикасына деген қарсылықты азайту үшін халықпен белсенді жұмыс істеу қажет. Біріншіден, үкімет ашықтықты қамтамасыз етіп, инновациялық қауіпсіздік технологияларын енгізу туралы ақпаратты халыққа кеңінен жеткізуі керек. Сонымен қатар, халықты ақпараттандыру мен ашық диалог жүргізу маңызды рөл атқарады. Екіншіден, адамдарға төтенше жағдайларда қолданылатын нақты іс-шаралар жоспары туралы хабарлау қажет. Егер халық биліктің апат жағдайында нақты және сенімді әрекеттер жоспары бар екенін білсе, олардың қорқынышы айтарлықтай төмендейді.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*