«AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» бастамасы — тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды, туған жерге деген қамқорлықты азаматтық ұстаным ретінде тәрбиелеуді көздейді. Партиямыздың қалалық филиалы тазалық жұмыстары атқарылуы тиіс аумақтардың картасын әзірлеп, жауапты ретінде аудандық атқарушы хатшыларын, бастауыш партия ұйымдарын, мәслихат депутаттарын, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділерін бекітті. Елді мекендерде, көпшілік жүретін күре жолдардың бойында, демалыс аймақтарында партияның ықпалымен өтіп жатқан игі шараға қоғамда орны бар танымал азаматтар, спорт шеберлері, ардагерлер мен жастар көптеп тартылуда. Бүгінгі тазалық жұмыстары Әл-Фараби ауданындағы бұрынғы «Фосфоршылар сарайының» маңында өтті. Жиналған жұрт сенбілікті таңғы жаттығумен бастап, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. 200-ден астам аманаттықтар 1 тонна күл-қоқыс жинап, 2 шаршы шақырым жерді тазалады.
Елімізде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы басталды. Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Amanat» партиясы бұл акцияны әр бейсенбі сайын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бүгін партияның 12 мың мүшесі мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері республика бойынша аумақтарды тазалауға шықты.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жәй ғана есеп үшін жұмыс емес. «Amanat» партиясы әуелі елдімекендердегі ластанған аумақтардың картасын әзірледі. Соның негізінде республика бойынша 475 учаске анықталды. Олар — жол бойы, өнеркәсіп аймағы, тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар және басқа да көптеген орындар.
Пікір қалдыру