«ТҰРАН ДАЛАСЫНЫҢ КҮЙЛЕРІ»: КҮЙШІЛЕР БАЙҚАУ ӨТТІ

Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра. Ұлттық аспапты ұлықтап, арнайы мернекелік күнтізбеден домбыра күні деп белгіленгені де белгілі.  Осыған орай Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұран даласының күйлері» күйшілер байқауы өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы арнайы қатысты. Сондай-ақ, Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған Ұлжалғас Мұстафева, Сауранбек Елеуов, Несіпкүл Утебаева, Рыс Ташиметова, Гүлжанат Дюсенбаева тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Байқаудың мақсаты – дарынды жастарды насихаттау, музы­калық шеберлікті шыңдау, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау болды. Байқаудың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы мен Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов құттықтау сөз алды.
Талантты жастар арқылы елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен на­сихаттайтын байқаудың қазылар алқасының құрамында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Спорт және өнер факультеті, «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Ботақарев Әлімбай Түгелбайұлы, Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, оқушылар оркестрінің дирижері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Жақыпбеков Ерлан Асқарұлы, Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты, Мәдениет министрі медалінің және Райымбек Сейтметов атындағы жүлденің иегері, Райымбек Сейтметов атындағы театр актеры Садықбеков Қанат Малдыбекұлы болды.
Қадыр Мырза Әлі атамыздың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ұлттық құнды­лы­ғымыз домбыраны әр қазаққа аманат екенін айтып кеткен. Осы ретте қолға алынған байқауға кіші топ бойынша яғни 10 мен 16 жас аралығындағы үміткерлерден 22 адам қатысса, үлкен топ бойынша яғни 17 мен 24 жас аралығында 7 үміткер өзара бақ сынады. Шертпе және төкпе күйлерді домбыра, жетіген, қобыз аспаптарының көмегімен байқау шартына сәйкес орындап шықты.
Жыл сайын өтетін үрдіске айналған байқауда жүзден жүйрік таланттардың есімін қазылар алқасы сараптап, қорытындысын шығарды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша Үлкен топ арасында Бас жүлдені Нұрқұл Абылайхан Тәліпбайұлы иеленді. Жүлделі І орынға Рысқұлбекова Нұржауған Нұржанқызы лайық деп танылса, үш бірдей ІІ орынға Сейдуллақызы Зарина, Кудайберген Азамат Ергешбекұлы, Есемхан Олжас Серғазыұлы ие болды. Қос ІІІ орынды Әкетай Арман Нақыпұлы мен Елубай Дәурен Нұртайұлы иеленді.
Сонымен қатар кіші топ бойынша байқау жүлдегерлері төмендегідей анықталды. Бас жүлдені Маханбет Дәурен Қайратұлы еншіледі. І орынға Әбдірахман Жомарт Абдусаламұлы тұрақтаса, үш бірдей ІІ орынға Қуат Ұлбала Қайратқызы, Құрманғали Мұхамедәлі
Мұратұлы, Калыбай Балнұр Маратқызы ие болды. Үш ІІІ орын Марат Айнара Ерланқызы, Сабиров Садир Тахирұлы, Момиш Алмаз Талғатұлына бұйырды.
Мұнымен қатар, Дина Нұрпейісова атындағы номинациямен Амангелді Аружан Нұрланқызы марапатталса, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы номинация Жетібай Дархан Ерланұлына ұсынылды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы номинацияға Мұхтар Заңғар Нұрланұлы лайық деп танылса, Нұрғиса Тілендиев атындағы номинация Егенберді Бақдәулет Ержанұлына бұйырды. Ал, Төлеген Момбеков атындағы номинациямен Байбосын Айзере Нысанәліқызы марапатталды. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сияпаттар мен дипломдар табысталды. Қазылар алқасының еңбегі де ескеріліп, арнайы марапатқа ие болды.
Кең-байтақ қа­зақ да­ласында күй мектептері көне заманнан бері қалыптасқан. Атақты күйшілердің бүгінгі ізба­сар­ларымен мақтанамыз. Бағзы заманда күйдің тілімен елдің тағдыры шешілген, халықтың мұң-мұқтажын қос ішектің кө­мегімен жеткізген. Осындай бай мұрамызды дәріптеген байқау атаулы күнде осылайша өз мәресіне жетті.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*