Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы, тарих пен бүгінгі заманды тоғыстырған қасиетті мекен. Ұлы даланаың терең тарихына тамырлаған киелі қала жыл сайын жаңғырып, әрбір жаңа күнімен заманауи тыныс алып келеді. Түркістанның түлеуі мен оның тарихи мәртебеге ие болуына деген ұмтылыс қазірдің өзінде бүкіл елдің назарында.
Бүгінгі Түркістан тек тарихи-мәдени орта ғана емес, сонымен қарқынды дамып жатқан заманауи қала ретінде танылып жатыр.
Осы орайда қала тұрғындары мен қонақтары «Қала күні» мерекесін ерекше салтанатпен қарсы алды.
Әр салада түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізіп, Түркістанның мәдениет пен өнердің, спорт пен туризмнің орталығы екендігі тағы да бір мәрте дәлелденді. Республикалық футбол турнирінен бастап, суретшілер фестивалі, поэзия кеші, фото байқау, шахматтан ашық біріншілік сынды жобалар тұрғындарға ерекше дем берді. Әсіресе, Ясауй хикметтерін жатқа айту мен ұлттық және эстрадалық әндер мерекелік концерті көңіл-күйді арттыра түсті. Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы гала-концертте сөйлеген сөзінде Түркістанның 6 жыл ішінде дамудың жаңа деңгейіне шыққанын атап өтті. Әкім өз сөзінде қаладағы атқарылған жұмыстарды жоғары бағалап, алдағы уақытта қаланың «Ерекше мәртебесі» туралы заңның қабылдануы Түркістанды одан әрі гүлдендіруге мүмкіндік беретінін айтты. Қала басшысы тұрғындарды мерекемен құттықтап, «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі бекем ел озады» деген халық даналығын еске ала отырып, барша тұрғындарды Түркістанның игілігі үшін белсенді әрекет етуге шақырды.
Киелі Түркістан әрқашан бекем бірлігімен, ырысты ынтымағымен танылған хазақ халқының жүрегіне жақын қала. Оның өткені де, бүгіні де ерекше — ғасырлар рухани әрі мәдени орта ретінде өз мәртебесін сақтап, тиянақты тірліктің, бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетіп келеді. Ал, алты жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғанда, оның тарихындағы жаңа парақ ашылды. Бұл тарихи қадам қаланың дамуына жаңа серпін, тың бастамалар мен зор мүмкіндіктер әкелді. Алты жыл ішінде Түркістан өзінің рухани маңыздылығын сақтай отырып, заманауи қалалық инфрақұрылым мен экономикалық өрлеудің үлгісіне айналды. Өткен айда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға сапары осы еңбектердің оң бағасын алуына себеп болды. президенттің өзі бұл нәтижелі еңбекті қала тұрғындарының бірлесе атқарған күш-жігерінің жемісі деп айтты. Түркістанның халқының саны бүгінде 234 мыңнан асып отыр. Бұл тек демографиялық өсімғана емес, қаланың барлық салаларындағы даму көрсеткішінің айғағы. Түркістанға құйылған инвестициялар көлемі жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері қаланың экономикасына 273 млрд теңге тартылды, бұл өткен жыломен салыстырғанда 110 пайызға артық.
Пікір қалдыру