Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл елде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шһымшаһарда әлі жалғасып жатыр.
Абай ауданы аумағындағы Тұрлан шағын ауданы Шмидт көшесінің бойында тұрғындар тазалыққа үлес қосты.
Сенбіліктің басты мақсаты – қаланы ретке келтіру, оны ең жақсы экологиялық таза ауданға айналдыру, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу, қаламыздың тазалығы мен өркендеуіне өз үлесін қосу.
Іс-шарада Абай ауданы әкімдігі, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, жастар, тұрғындар белсенділік танытты. Акцияға 200-ден астам адам қатысты. Осы шағын ауданда тазалық жұмыстары көктемнен бастап, бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр. Техникалар мен мекеме қызметкерлеріне қолғабыс болған қала тұрғындары өз айналасының таза болғанына қуанышты. Сол үшін де белсенділік танытуда.
Іс-шараға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Наштайұлы президенттің «Таза Қазақстан» акциясының науқандық іс-шара еместігін, бұған әрбір қала тұрғыны бей-жай қарамай тазалық мәдениетінің өзімізден бастау қажет екенін айтты. Сондай-ақ тұрғындарды өз аулаларын таза ұстауға, жастардың тазалық мәдениетін сақтауға баса назар аудару қажет екенін жеткізді.
Бұл шара тұрғындардың табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталды.
Еске сала кетсек, Президент тапсырмасымен қолған алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясына шырайлы шаһардың көпшілік тұрғындары қатысты. Шымкенттіктер шара соңына дейін тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, қаланың көркеюіне үлестерін қосуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді. Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын.
«Біздің тазалығымыз – қаланың тазалығы! Біздің қалада тазалықты бірге сақтайық және жаңа облысымыздың өркендеуіне бірге ат салысайық!»-деп ұрандатты сенбілікке қатысушылар.
“Тазалық-табалдырықтан басталады”, сондықтан қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау әр азаматтың басты міндеті болып табылады.
Пікір қалдыру