
Қазақстан полициясы күніне орай Келес аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен ерекше мәнге ие тәрбиелік іс-шара өтті. Мақсат – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып, патриоттық сезімін ояту және ішкі істер органдарының қызметімен таныстыру. Кездесу аясында полиция сыныбының оқушыларымен құқық бұзушылықтың алдын алу, жолда жүру ережелері мен қазіргі қоғамда өзекті болып отырған лудомания тақырыптарында ашық сабақ өткізілді.
Іс-шараның тәрбиелік мәні зор болды. Ашық сабақ барысында полицейлер құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызын түсіндіріп, оқушыларға нақты мысалдар арқылы заң алдындағы жауапкершілік жайлы айтты. Сонымен қатар, жолда жүру мәдениетін сақтау, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің өзара міндеттері, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жолдары талқыланды.
Қоғамның дамуы мен тұрақтылығы – ең алдымен заңдылық пен тәртіпке негізделеді. Бұл бағытта жасөспірімдердің құқықтық сауатты, тәртіпті әрі патриот болуы аса маңызды. Осы орайда ұйымдастырылған спорттық сайыстар жас сақшылардың бойындағы ұйымшылдықты, ынтымақтастықты арттырып, жеңімпаздар арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – жастардың бойындағы еңбекқорлық пен әділдікке деген сенімін күшейтетін үлкен мотивация.
Кездесу аясында оқушылар полиция бөлімінің ғимаратына экскурсия жасап, жедел басқару орталығының, уақытша ұстау изоляторы мен кезекші бөлім қызметінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, арнайы қызметтік автокөліктер мен заманауи құрылғылар көрмесі де жасөспірімдердің қызығушылығын тудырды. Олар полиция қызметінің қаншалықты күрделі әрі жауапты екеніне көз жеткізді.
Жас сақшылар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған рейдтік іс-шараға да қатысты. Көше бойындағы рейдке шыққан оқушылар тұрғындарға жолда жүру ережелері жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалық парақшалар таратты. Бұл тәжірибе жасөспірімдерге құқық қорғау саласындағы нағыз қызметті сезінуге мүмкіндік берді.
Кездесу соңында оқушылар полиция бөліміндегі тарихи жәдігерлер қойылған музейді аралап, ішкі істер органдарының қалыптасу тарихымен танысты. Мұндай экскурсиялар жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен тарихи сана қалыптастырады.
Жасөспірімдер – ертеңгі ел тағдырын шешетін азаматтар. Олар қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болашақ мамандар. Сондықтан бүгінгі тәрбие – ертеңгі тәртіптің кепілі. Полиция қызметкерлері – өз ісінің шынайы үлгісі. Олардың жауапкершілікке толы қызметі жас буын үшін өнеге. Келешекте олардың арасынан елін қорғайтын, әділдікті ту еткен, заң мен тәртіпті берік ұстанатын азаматтар өсіп шығатынына сенім мол.
Мұндай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да жалғасады. Бұл – қоғам мен полиция арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жас ұрпақты тәртіпке, заңға баулу жолындағы маңызды қадам.
Пікір қалдыру