
Елімізде қолға алынған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты республикалық челленджді Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Шардара ауданынан қабылдап, жалғастырды. Аталған іс-шара қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және бақытты отбасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Челлендж аясында Ордабасы ауданының полицейлері жергілікті әкімдік өкілдерімен және сала мамандарымен бірлесіп, «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында арнайы флешмоб өткізді. Іс-шараға 40-тан астам жасөспірім мен мектеп оқушылары қатысып, қоғамдағы бейбітшілік пен отбасы ішіндегі сыйластық туралы өз ойларын білдіріп, белсенділік танытты.
Аталған акцияның негізгі мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау, оны ерте кезеңде анықтап, алдын алу, қоғам назарын осы мәселеге аудару. Бұл – бір ғана отбасының емес, тұтас ұлттың болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Себебі отбасы – мемлекеттің ең кішкентай бірлігі, ал ондағы береке мен тыныштық бүкіл қоғамның тұрақтылығына әсер етеді.
Зорлық-зомбылық – тек дене жарақатын салатын әрекет емес, ол адамның психологиялық, моральдық тұрғыдан жапа шегуіне себеп болатын теріс әрекеттердің жиынтығы. Осындай жағдайларды болдырмау жолында ішкі істер органдары күнделікті еңбек етіп келеді. Полицейлер жанжал шыққан отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, құқықтық кеңес беріп, қажет болған жағдайда қорғау нұсқамаларын рәсімдейді.
Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары тек құқық бұзушылықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оның алдын алу, қоғаммен, жастармен тығыз байланыс орнату бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Флешмобқа жасөспірімдердің қатысуы – болашақ ұрпақтың осы мәселеге бейжай қарамайтынын, зорлықсыз қоғам құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Мұндай шаралар олардың бойында отбасылық құндылықтарды бағалауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейді.
Тағылымды іс-шара соңында челлендж Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жолданды. Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінде полицейлердің азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігін көрсете отырып, зорлық-зомбылыққа қарсы бірлескен күресті жалғастыруға бағытталған игі бастама. Себебі қоғамда тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуы – ең алдымен әр отбасының амандығына байланысты.
Пікір қалдыру