Түркістанда 200-ге жуық бала жүрек ақауымен өмір сүруде: дәрігерлер ерте диагностикаға басымдық беріп отыр

Қазақстанда жыл сайын шамамен 3000-ға жуық сәби туа біткен жүрек ақауымен дүниеге келеді. Бұл – ерекше назарды қажет ететін маңызды медициналық мәселе. Ал Түркістан қаласының өзінде қазіргі уақытта 185 бала дәл осы диагнозбен тіркеуде тұр. Бұл туралы qazaqstan.tv мәлімдейді. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын 30-40 балаға артып келеді.

Балалардың тағдырына бейжай қарамайтын Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жоғары білікті кардиохирургтері мен кардиологтары Астанаға бармай-ақ, Түркістанда қабылдау жүргізіп, ата-аналарға үлкен мүмкіндік сыйлады. Олар қаладағы емханалардың бірінде арнайы қабылдау өткізіп, тегін кеңес беріп, УДЗ аппаратымен балалардың жүрек қызметін зерттеді. Жүрегіне ота қажет етілетін балаларға дереу жолдама берілді.

Кардиологтар мен хирургтардың айтуынша, жүрек ақауы бар балаларды ерте анықтап, уақтылы ем жүргізу – өмірін сақтап қалудың негізгі жолы. Түркістанға келген дәрігерлердің мақсаты да – дер кезінде диагностика жасап, өңірдегі балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету.

Бауыржан Тұяқбаев, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың балалар кардиохирургы:

«Түркістан облысынан жылына 200-дей баланы операцияға алып кетемін. Әр келген сапарымда шамамен 1500 балаға дейін тексеруден өткіземіз. Ота жасалған соң, бұл балалар кемінде бес жыл бойы біздің бақылауымызда болады. Олар 3 ай, 6 ай және 1 жылдан кейін тексеріліп тұрады. Бұл – оңалту және қайталама асқынудың алдын алу үшін аса маңызды кезең».

Мамандардың айтуынша, жүрек ақауы түрлі деңгейде болады. Кейбірі өмірге қауіп төндіретін болса, енді бірі дер кезінде анықталса, оңай емделетін жағдайлар. Осы себепті ата-аналарға баланың дамуындағы кез келген ауытқуға бейжай қарамау, уақытылы тексеруден өткізу маңызды.

Мұндай қабылдаулардың өңірлік деңгейде өткізілуі – халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, балалар денсаулығына дер кезінде көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Дәрігерлер келешекте мұндай тексерістерді тұрақты түрде өткізіп тұру қажет екенін алға тартып отыр. Себебі ерте диагностиканың арқасында жүздеген баланың өмірі құтқарылуы мүмкін.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*