ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ҚАЗАҚСТАНДЫҢ БОЛАШАҒЫ БІЛІМ МЕН ИНТЕЛЛЕКТКЕ ТІРЕЛЕДІ

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылау және түсіндіруге арналған оқытушылар мен студенттердің кездесуі өтті. Маңызды жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа редакциядағы Ата заңның мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді.

Кездесу барысында Сәрсен Абайұлы Конституцияның жаңа редакциясы еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған стратегиялық құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата заңда адам капиталы, білім, ғылым мен инновация мемлекеттің басты басымдықтары ретінде айқындалған.

— Қазіргі жаһандық бәсеке жағдайында елдің қуаты табиғи ресурстарымен емес, оның интеллектуалдық әлеуетімен, білім сапасы мен ғылыми жетістіктерімен өлшенеді. Жаңа Конституция осы ұстанымды нақты бекітеді, — деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, жаңа редакцияда Конституцияның Кіріспе бөлімі (Преамбула) толығымен қайта жазылып, Ұлы даланың мыңжылдық тарихына сүйене отырып, мемлекеттің негізгі мақсат-мұраттары айқындалғаны айтылды. Бұдан бөлек, елдің саяси-құқықтық жүйесіне Вице-Президент институты, Халықтық кеңес, Адвокатура сынды жаңа институттар мен ұғымдар енгізілген.

Сәрсен Құранбек жаңа Конституцияны қабылдау – уақыт талабы екенін атап өтіп, оның қоғам сұранысына және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясына толық сәйкес келетінін жеткізді.

— Жаңа Конституция – ел дамуының темірқазығы. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын айқындайтын, болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін басты құжат, — деді ол.

Кездесу барысында академия оқытушылары мен студенттері де белсенділік танытып, өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, жаңа Ата заңның мазмұны мен бағыттары кеңінен түсіндірілді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*